Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдарды шетелден қаржыландыруды бақылау тәсілдерін қайта қарау ұсынылды. Депутат Жарқынбек Амантайұлы осы мәселеге қатысты Премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, қазіргі заңнамада шетелдік қаржыландыруды есепке алу және бақылау бойынша бірқатар олқылық бар.
Жарқынбек Амантайұлы шетелдік грант есебінен іске асатын көптеген әлеуметтік жобаның оң нәтиже беріп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар кей жағдайда мұндай қаржы қоғам құндылықтары мен мемлекеттік мүддеге толық сай келе бермейтін идеяларды ілгерілету үшін пайдаланылуы мүмкін деп санайды.
Оның сөзінше, қазір Налог кодексі аясында шетелден қаржыландыру бойынша есеп тек үш қызмет бағытына қатысты беріледі. Осыған байланысты басқа бағыттар бойынша түсетін қаражат толық есепке алынбай қалуы мүмкін.
Депутат мемлекеттік кірістер органдарында банк операциялары туралы өзекті ақпаратқа тұрақты қол жеткізу мүмкіндігі жоқ екенін де айтты. Оның пікірінше, бұл шетелдік қаржы ағынын толық талдауға кедергі келтіреді.
Жарқынбек Амантайұлы биыл жарияланған ресми тізілімде шетелдік қаржыландыру алған 155 ұйым көрсетілгенін мәлімдеді. Оларға түскен қаражат көлемі шамамен 12 млрд теңгені құрайды.
Дегенмен депутат бұл деректер жалпы жағдайды толық көрсетпеуі мүмкін деп есептейді. Сондықтан қосымша талдау қажет екенін айтты.
Осыған байланысты ол Налог кодексіндегі жекелеген шектеулерді қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ ҮЕҰ-ға түсетін шетелдік қаржыны қызмет бағытына қарамастан кеңірек бақылау мүмкіндігін қарастыру қажет деді.
Бұдан бөлек, депутат мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және ақпарат алмасу тетіктерін жетілдіру мәселесін көтерді.
Жарқынбек Амантайұлының пікірінше, мұндай қадам азаматтық сектордың жұмысын шектеуге емес, қаржы ағынының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталуы керек.
Сарапшылар үшін бұл тақырып сезімтал саналады. Өйткені бір жағында үкіметтік емес ұйымдардың еркіндігі мен әлеуметтік жобалардың маңызы тұр. Екінші жағында шетелдік қаржыландырудың ашықтығы және ұлттық мүдде мәселесі бар.
Депутаттық сауалдың қалай қаралатыны және Үкімет бұл бағытта қандай ұсыныс енгізетіні алдағы уақытта белгілі болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







