Тергеу изоляторында Гүлмира Сатыбалдының жағдайы нашарлаған, сот кейінге қалдырылды. Сотталушы Гүлмира Сатыбалды сотта аллергиясы мен бүйрегі ауырғанына шағымданды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Бүгін сотта сот жарыссөзі аяқталуы керек еді. Сотталушылар Гүлмира Сатыбалды мен Мәди Батыршаев, сондай-ақ, олардың қорғаушылары процеске онлайн қосылды.
Процесс басталғаннан кейін сотталушы Сатыбалды сенбіде аллергиясы басталғанын айтты. Сот отырысы басталғанға дейін ол тергеу изоляторында берілмейтін дәрі-дәрмектер қажет екенін де мәлімдеді.
Сотталушының адвокаты Әсемгүл Даниалова жағдайды түсіндірді.
«Қазір оның бүйрегі қатты ауырады, дәрігер табу керек. Біз жарыссөзге дайындалдық, бірақ қорғауымыздағы адамға қарасақ, ол отыра алмайды, сот отырсын кейінге қалдыруды сұрайды. Ол жылап келді, онда (тергеу изоляторында — еск.) дәрігер жоқ, еңбек демалысында», — деді адвокат.
Судья процесті 27 тамызға дейін кейінге қалдыруды ұсынды.