Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында заманауи талаптарға сай салынған жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Халықаралық теміржол дәлізі бойындағы нысан жолаушыларға қауіпсіз әрі қолайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Вокзалдың ашылу рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, аудан тұрғындарын жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.
Бастапқыда Шыңғырлау стансасындағы ескі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Алайда техникалық тексеру кезінде вокзалдың әбден тозғаны анықталып, оны сүріп, орнына жаңа нысан салу туралы шешім қабылданды.
Шыңғырлау халықаралық теміржол бағыты бойындағы маңызды стансалардың бірі саналады. Сондықтан ғимараттың ішкі инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінді. Мұнда кең күту залы, билет кассалары, қызметтік бөлмелер және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған қолайлы жағдай қарастырылған.
Нариман Төреғалиев тұрғындарды жаңа Конституцияның қолданысқа енгізілуімен де құттықтап, аталған өзгерісті Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды кезең ретінде бағалады. Облыс басшысы вокзал жанындағы ескі су мұнарасын жөндеп, маңайдағы аумақты толық абаттандыруды тапсырды.
Қазір ел көлемінде 124 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып жатыр. Сонымен қатар 650-ден астам жолаушы вагоны жаңартылған. Батыс Қазақстан облысында бұған дейін Орал, Тасқала және Ақсай қаласындағы «Қазақстан» стансасының вокзалдары жөнделіп, қолданысқа берілді.
Өткен жылы облыста 419 мыңнан астам жолаушы теміржол қызметін пайдаланған. Теміржол арқылы тасымалданған жүк көлемі 5 млн тоннаға жетті.
Өңір әкімінің айтуынша, көлік инфрақұрылымын жаңарту халықтың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, ауданның экономикалық және транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






