Шымкентте полиция қызметкерлері, ішкі істер органдарының ардагерлері мен «Жас сақшы» сыныбының оқушыларының қатысуымен тағылымды іс-шара өтті. Бұл шараның мақсаты полиция қызметіндегі ардагерлерге құрмет көрсету, жастарға үлгі-өнеге беру және ұрпақтар сабақтастығын нығайту болып табылады. Сынып оқушылары аталмыш шараға белсене атсалысты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Іс-шара барысында қатысушылар қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, олардың рухына тағзым етті. Бұл сәттер мемлекетіміздің тәртіп сақшыларының отан алдындағы ерліктері мен батырлығын еске алуға арналды.
Сондай-ақ, шара аясында полиция музейін аралап, жол полициясы қызметінің тарихы мен бұл саладағы құнды жәдігерлермен танысу мүмкіндігі болды. Музей экспонаттары тек өткен ғасырлардағы полиция қызметінің ерекшеліктерін ғана емес, сонымен қатар заманауи талаптарға сәйкестендірілген жаңа технологияларды да көрсетті.
Жиын барысында сала ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың ұзақ жылғы еңбегі үшін арнайы марапаттар табысталды. Бұл іс-шара шымкенттік полиция қызметкерлерінің азаматтық қоғамдағы үлесін нығайтуға, жастарды құқық қорғау органдарының тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстыруға, құқық қорғау және арнайы органдарға деген сенімді арттыру, сондай-ақ оларға патриотизм, міндет сезімі және елге қызмет ету құндылықтарын сіңіруге бағытталған.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай шаралар тек өткенді еске алумен ғана шектелмей, жас ұрпақтың бойында құқық қорғаушы мамандыққа деген сүйіспеншілікті оятады. Полиция қызметкерлері мен ардагерлердің тәжірибесі жастарға өлшеусіз үлгі-өнеге болып табылады. Полиция департаменті тарапынан осы бағыттағы іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылып тұрады.
Шараның көздеген мақсаты да ауқымды. Жас өскіндердің құқық бұзушылыққа қарсы иммунитетін қалыптастыру, яғни, қоғамға қауіпті қылмыстардан бойын аулақ салуға септігін тигізбек. Сондай-ақ мұндай шаралар білім бесіктерінде де жиі ұйымдастырылады. Тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтың, оның ішінде есірткі курьері болудың, интернет алаяқтық, өзгелерге әлімжеттік жасау, ұрлық, топтасып төбелесу, буллинг жасаудың соңы неге апарып соқтыратынын жақсылап түсіндіреді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







