ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы Адина Батырбекқызы мүгедектігі бар азаматтардың еңбекке қалай арласатынын Ertenmedia.kz сайтының тілшілеріне кеңінен әңгімелеп берді. Оның сөзінше, бұл бағыт қазір бөлек жоба емес, әлеуметтік саясаттың тұрақты негізіне айналған. Ел бойынша 743 мыңнан астам мүгедектігі бар адамның шамамен үштен бірі тұрақты жұмыспен қамтылған, ал биылдың өзінде 25 мыңнан аса азамат жұмыспен қамтылыпты.
– Адина Батырбекқызы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мүгедектігі бар азаматтарды қоғамнан бөліп қарамау туралы нақты тапсырма берді. Осындай азаматтардың жұмыспен қамтылуы бүгінгі күні Қазақстанда қалай жүзеге асып жатыр?
– Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін бұл жұмыс бөлек жоба емес, әлеуметтік саясаттың тұрақты бағытына айналғаны белгілі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы бағытта бірыңғай тәртіп қалыптастырды.
Бүгінде мүгедектігі бар азамат жұмыс іздесе, ең алдымен тұрғылықты жеріндегі халықты жұмыспен қамту орталығына барып, өзіне қолайлы бос жұмыс орнын таңдауға мүмкіндік алып отыр. Жұмыспен қамту орталықтары тек бос орын тізімін берумен шектелмейді, кәсіби бағдар, қайта оқыту, қысқа мерзімді курсқа жіберу сияқты қолдау да көрсетеді.
Сонымен қатар бізде квоталау тетігі жұмыс істейді. Яғни, кәсіпорындар мен ұйымдар өз штатында мүгедектігі бар адамдарға арналған белгілі бір пайыздық үлесті сақтауға заңмен міндеттелген. Министрлік пен жергілікті атқарушы органдар жыл сайын квота орындалуын талдап, бақылап отырады.
Жалпы алғанда, соңғы жылдары мүгедектігі бар азаматтардың еңбекке қатысу белсенділігі артып келеді. Адамдар тек жәрдемақыға сүйеніп отырғысы келмейді, өз еңбегімен табыс тапқысы келеді. Біздің міндет сол ниетке мүмкіндік беру, формальды есеп үшін емес, нақты жұмыс орны қалыптасуы үшін жұмыс істеудің маңызы зор.
– Қазақстанда инклюзивті еңбек нарығының дамуына тоқталсаңыз. Қандай заңнамалық негіз, квота және жеңілдіктер жүйесі бар, негізгі көрсеткіштер қандай деңгейде?
– Бүгінгі таңда инклюзивті еңбек нарығының негізгі базасы Әлеуметтік кодекс пен соған сәйкес қабылданған заңдар мен ережелерге сүйенеді.
Ресми дерек бойынша, елімізде мүгедектігі бар азаматтардың жалпы саны 743 мыңнан асады. Соның ішінде еңбекке қабілетті жастағы азаматтар шамамен 370 мыңнан жоғары. Қазіргі таңда олардың 111 мыңнан астамы тұрақты жұмыс істеп жүр. Тек биылдың өзінде 25 мыңнан артық мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтылды. Осы көрсеткіштерге қарап, еңбекке қабілетті топтың шамамен үштен бірі тұрақты жұмыспен қамтылғанын айта аламыз.
Инклюзивті еңбек нарығының мәні арнайы санат үшін жеке «көрсеткіш» жасау емес, барлық азамат үшін тең мүмкіндік қалыптастыру. Сол үшін бізде квота жүйесі бар, жеңілдетілген еңбек жағдайлары қарастырылады, қашықтан жұмыс істеу, икемді кесте, бейімделген жұмыс орны сияқты құралдар қолданылып жатыр. Кейбір өңірлерде кәсіпорындар өз бастамасымен әлеуметтік жұмыс орындарын құрып, оған мүгедектігі бар азаматтарды тартып жататынын да айта кетуіміз керек.
Жұмыс берушілер үшін де ынталандыру бар. Мысалы, жұмыс орнын бейімдеуге жұмсалған шығынды субсидиялау, жалақының бір бөлігін өтеу, салықтық жеңілдіктер қарастыру сияқты шаралар кезең-кезеңмен кеңейтіліп келеді. Инклюзивті еңбек нарығы қағазда емес, өндіріс пен кеңседе, дүкен мен сервис саласында нақты іске асуы керек. Қазір біз соған басымдық беріп отырмыз.
– Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтудың үш түрлі жолы бар дедіңіз. Сол механизмдердің нақты қалай жұмыс істейтінін, квота, субсидия және гранттар жүйесінің мазмұнын сайтымыздың оқырмандарына толығырақ түсіндіріп берсеңіз.
– Иә, қазір біз үш негізгі бағытпен жұмыс істейміз. Біріншісі – квоталау. Заңға сәйкес, штат саны 50-ден 100 адамға дейінгі кәсіпорындар өз еңбек әлеуетінің 2 пайызын мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға арнауы тиіс. 101-200 адам жұмыс істейтін ұйымдар үшін бұл көрсеткіш 3 пайызға дейін өседі. Ал 250 адамнан көп қызметкері бар кәсіпорындарда мүгедектігі бар азаматтар үшін кем дегенде 4 пайыздық үлес қарастырылуы қажет. Бұл талапты орындау әлеуметтік жауапкершілік қана емес, заң нормасы. Квота арқылы адам нақты штаттық орынға орналасып, толыққанды қызметкер ретінде еңбек етеді.
Екінші бағыт – субсидияланатын жұмыс орындары. Жұмыс беруші арнайы мүгедектігі бар адамдар үшін жаңа жұмыс орнын құрса, мемлекет сол орынның шығынын бөліседі. Шарт өте қарапайм, азамат сол кәсіпорында кем дегенде бір жыл тұрақты жұмыс істеуі керек.
Осыдан кейін алғашқы 12 айда оның жалақысының 70 пайызын мемлекет субсидиялайды. Келесі кезеңде, яғни екінші жылы субсидия үлесі 65 пайызға дейін төмендейді. 25-36 ай аралығында бұл көрсеткіш 60 пайыз деңгейінде сақталады. Мақсат – жұмыс берушінің тәуекелін азайтып, мүгедектігі бар азаматтың еңбекке бейімделуіне уақыт беру. Уақыт өткен сайын бұл қызметкер ұжымның толыққанды мүшесіне айналып, субсидия аяқталғаннан кейін де жұмысын жалғастыруы тиіс.
Үшінші бағыт – кәсіпкерлікке қолдау. Көп адам жалдамалы жұмысқа емес, өз ісін ашуға бейім. Сондықтан мемлекет мүгедектігі бар азаматтарға қайтарымсыз гранттар беру арқылы шағын бизнес бастауына жағдай жасап отыр. Гранттың есебінен адам шағын шеберхана ашуы, қызмет көрсету саласында іс бастауға, онлайн жобамен айналысуға мүмкіндік алады. Бұл жердегі басты шарт бизнес-жоспардың өміршеңдігі және гранттың мақсатына сай жұмсалуы.
Бәрін қорытсақ, біздің міндет мүгедектігі бар адамға «квота үшін алынған қызметкер» ретінде емес, кәсіби маман, кәсіпкер немесе өндірістегі толыққанды әріптес ретінде қарауға жағдай жасау. Осы үш тетік сол мақсатқа жұмыс істеп тұр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жарбол КЕНТҰЛЫ

