АҚШ ұлттық барлау қызметінің басшысы Тулси Габбард Иранның жаңа жоғарғы көсемі Моджтаба Хаменеидің Израиль әуе соққылары кезінде ауыр жарақат алғанын мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Габбард бұл туралы АҚШ Конгресіндегі тыңдау барысында айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда Иран басшылығында нақты шешім қабылдап отырған тұлға кім екені белгісіз күйде қалып отыр.
Алайда Иран тарапы бұл ақпаратты басқаша түсіндіруде. Елдің сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Хаменеи жеңіл жарақат алғанын және жағдайы тұрақты екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Иран СІМ өкілі Эсмаил Багаи де көсемнің жараланғанын растағанымен, оның нақты жағдайы туралы мәлімет бермеген. Соған қарамастан, Хаменеи халыққа үндеу жасап, АҚШ пен Израиль шабуылдарына жауап болатынын айтқан.
Саясаткерлердің қарама-қайшы мәлімдемелері Ирандағы билік құрылымындағы белгісіздікті күшейтіп отыр. Сарапшылар мұны әскери қақтығыстың ішкі саяси тұрақтылыққа әсерінің белгісі ретінде бағалайды.
Қазіргі уақытта АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы үшінші аптаға жалғасып жатыр. Тараптар бір-біріне соққы жасап, шиеленіс жоғары деңгейде сақталуда.
Тель-Авив бұл әрекеттердің мақсаты Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу екенін мәлімдеді. Ал Вашингтон Иранның әскери әлеуетін әлсіретуді көздеп отырғанын ашық айтты.
Өз кезегінде Иран келіссөздерді қайта бастауға әзір емес екенін білдіріп, сыртқы қысым жағдайында қорғаныс позициясын күшейтіп отырғанын атап өтті.
Қалыптасқан жағдай аймақтағы тұрақсыздықтың ұзақ мерзімді сипат алуы мүмкін екенін көрсетіп отыр.
Ирандағы мұнай зауыттарында болған жарылыстардан кейін атмосфераға улы заттардың таралуы туралы ақпарат күшейді. Мұндай ластану салдары қышқыл жауынға (acid rain) әкеліп, оның әсері Орталық Азияға дейін жететінін айта бастады. Бұл құбылыстың біз үшін табиғатын, оның қаупін және ықтимал салдарын түсіну маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







