«Азаттық» Кәрім Мәсімовтің Астанадағы бұрынғы резиденцияларының бірін тапқан. Сондай-ақ, басылым Мәсімов ісіне қатысты тың деректерге шолу жасаған, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Қаңтар оқиғасына байланысты ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов қамалғаннан бері үш жыл бойы Астанада тергеу изоляторында отыр. Ол 18 жылға сотталған болатын. Мәсімовке қатысты тағы екі қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Басылым дерегінше, Астанадағы биік қоршауы бар сарайды Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК Кәрім Мәсімовтің бизнес өкілдерінен алған, құны 2,5 млрд теңге тұратын мүлкі деп көрсеткен. Аумағы бір гектарға жуық бұл ғимарат қазір Қайтарылған активтерді басқару компаниясына қарайды, демек мемлекеттікі.
«Тергеу Мәсімовтікі деген 17 миллион доллар қаражатты да осы үйден таптық деген», — делінеді материалда.
Басылым Кәрім Мәсімовке қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сауал да жолдаған. Алайда нақты жауап болмаған.
«Тергеу барысында Кәрім Мәсімов ҰҚК басшысы ретінде түрлі күмәнді шетелдік тұлғалармен және құрылымдармен байланыста болған. Кейбір болжамдарға және деректерге сәйкес ол шетелдік арнаулы қызметтердің агенті болған…» Мемлекеттік телеарна Кәрім Мәсімов шетелдің агенті болған деп бұрын-соңды айтылмаған деректі атады. Телеарна оның қай ел екенін, бұл ақпаратты қай тарап бергенін ашық айтпады», — делінеді материалда.
Естеріңізде болса, Мәсімовтің ісін сот аса құпия деген белгімен қарады.
Ұлттық қауіпсіздік саласында ұзақ жыл қызмет еткен генерал-майор Еркін Мұсабаев «Азаттыққа» Қаңтар оқиғасындағы деректер оның арнайы ұйымдастырылғанынан хабар беретінін, бірақ істің басында тұрған Мәсімов емес екенін айтқан.
Ал бұған дейін Назарбаев бұрынғы сенімді серігі Мәсімов туралы былай деді:
«Мәсімов ұзақ жыл менімен бірге жұмыс істеді. Бірақ қайдан білесің? Иса да жанында жүргенін Иуда сатқанын байқамады ғой».
«Кәрім Мәсімов Назарбаев президент өкілетін тапсырып кеткенге дейін де, кейін де сенімді адамы болды. Іс материалдары өте құпия болғандықтан, Қаңтарда Мәсімов кімнің тапсырмасын орындады, оның артында кім тұрды немесе әлдекімдермен ымыралас болды ма?» деген сұрақтарға ресми жауап жоқ. Мұны билік жария етпесе, тәуелсіз тексеру мүмкін емес», — деп түйіндеді «Азаттық».
ErtenMedia.kz анықтамасы
2023 жылғы сәуірде сот Кәрім Мәсімовті мемлекетке опасыздық жасады, Қаңтар оқиғалары кезінде билікті күшпен басып алмақ болды және өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыптармен 18 жылға бас бостандығынан айырған болатын.