Таныс адамға ақша беру оңай болғанымен, оны қайтарып алу кейде ұзақ сот дауына ұласады. Сондықтан қолхат жазудың маңызы зор. Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Нұрлан Жанабаев қарызды дұрыс рәсімдеу және борышкер байланысқа шықпай кеткен жағдайда әрекет ету жолдарын түсіндірді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қарыз, банктік кредит және бөліп төлеу құқықтық жағынан бір ұғым емес. Қарапайым қарыз шарты азаматтармен қатар заңды тұлғалардың қатысуымен де жасалуы мүмкін, ал банктік қарызды банк, микрокредитті тиісті лицензиясы бар ұйым береді. Бөліп төлеу кезінде сатып алушыға ақша табысталмайды, тауар немесе қызмет құны белгілі мерзім ішінде төленеді.
Ақшаны ауызша келісіммен беріп, кейін «өзі қайтарады» деп сеніп қалу қауіпті. Азаматтық кодекстің 716-бабына сәйкес, қолхат немесе ақшаның нақты берілгенін растайтын өзге құжат қарыз шартының жазбаша жасалғанына дәлел бола алады. Қарыз шарты, әдетте, ақша борышкерге табысталған немесе оның банк шотына аударылған сәттен бастап жасалды деп есептеледі.
Қолхаттың міндетті түрде түгелдей қолмен жазылуы заңда талап етілмейді. Компьютерде терілген және борышкер қол қойған құжат та жазбаша дәлел ретінде қаралуы мүмкін, алайда мәтінді борышкердің өз қолымен жазуы кейін қолтаңба сараптамасын жүргізуді жеңілдетеді. Нотариусқа куәландыру да міндетті емес, бірақ ірі сомадағы мәміле кезінде қосымша құқықтық қорғаныс береді.
Құжатта екі тараптың аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі және мекенжайы көрсетілгені жөн. Ақша сомасы санмен және жазбаша беріліп, борышкердің қаражатты толық алғаны, алған күні, қайтару мерзімі мен төлеу тәсілі анық жазылуы керек. Сыйақы қарастырылса, оның мөлшері мен есептеу тәртібі көрсетіліп, сыйақысыз қарыз болса, оны да жеке белгілеген дұрыс.
Қарызды дұрыс рәсімдеу жолы
Ақшаны банк арқылы аудару қолма-қол беруге қарағанда дауды дәлелдеуді жеңілдетеді. Аударым мақсатына «қарыз шарты бойынша берілген ақша» деген мазмұндағы түсініктеме жазып, түбіртекті сақтау қажет. Қолма-қол ақша берілсе, қолхатта «ақшаны толық көлемде алдым» деген нақты сөйлем болғаны маңызды.
Ақшалай міндеттемені теңгемен рәсімдеу қауіпсіз саналады. Қарыз шетел валютасының бағамына байланыстырылса, құжатта төлемнің теңгемен жасалатыны, қандай бағам мен қай күннің көрсеткіші қолданылатыны нақты жазылуы керек. Әйтпесе валюта бағамының өзгеруі жаңа дауға себеп болуы ықтимал.
Куәгердің қатысуы пайдалы болғанымен, ол қолхат пен ақша аударылғанын растайтын құжаттың орнын толық баспайды. Қолхат болмаса, банк көшірмесі, мессенджердегі хат алмасу, борышкердің қарызды мойындаған хабарламасы және заңды жолмен алынған аудиожазба дәлел ретінде ұсынылуы мүмкін. Алайда әр айғақтың жарамдылығы мен іске қатыстылығын сот жеке бағалайды.
Қайтару мерзімі өтіп кетсе, алдымен борышкерге жазбаша талап жіберген дұрыс. Сотқа дейінгі талап барлық қарыз дауы бойынша міндетті емес, бірақ шартта осындай тәртіп белгіленсе, оны сақтау қажет. Қолхатта қайтару мерзімі мүлде көрсетілмесе, борышкер ақша берушінің талабын алған күннен бастап 30 күн ішінде қарызды қайтаруға тиіс.
Достық бөлек, есеп бөлек
Келісім нәтиже бермесе, талап қоюды сотқа беруге болады. Заңда қарыздың ең төменгі сомасы белгіленбеген, сондықтан шағын берешек бойынша да сотқа жүгінуге кедергі жоқ. Жеке тұлға мүліктік талап берген кезде мемлекеттік баж, жалпы ереже бойынша, өндірілетін соманың 1 пайызын құрайды және белгіленген шектен аспауға тиіс.
Борышкер телефон көтермей, басқа жаққа көшіп кетсе, қарыз міндеттемесі жойылмайды. Оның қазіргі мекенжайы белгісіз болған жағдайда талап соңғы белгілі тұрғылықты жері немесе мүлкі орналасқан аумақ бойынша берілуі мүмкін. Сот шешімі күшіне енгеннен кейін берешекті өндіріп алу ісімен сот орындаушысы айналысады.
Қарызды қайтаруды ұзаққа созбаған жөн. Азаматтық талап қою мерзімінің жалпы ұзақтығы үш жыл және ол, әдетте, борышкер ақшаны қайтаруға тиіс болған күннен бастап есептеледі. Талап қою мерзімі өтіп кетсе де, сот арызды қабылдауы мүмкін, бірақ жауапкер мерзімнің өткенін мәлімдесе, талап қанағаттандырылмай қалуы ықтимал.
Қолхат сұрауды ұят немесе сенімсіздік деп қабылдамаған дұрыс. Ақша алып отырған адам соманы, мерзімді және міндеттемесін қағазға түсіруден бас тартса, мұны ескерту белгісі ретінде бағалауға негіз бар. Құқықтық сауатты құжат достықты бұзбайды, керісінше екі тарапты да кейінгі түсінбеушіліктен қорғайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







