Kaspi.kz акциялары NASDAQ биржасында бір күнде 16 пайызға құлдырады. Бұған Culper Research компаниясы жасаған зерттеу себеп болды.
Зерттеуде Kaspi америкалық инвесторлар мен реттеушілерді жаңылыстырды деген ауыр айып тағылған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Редакция тілшісі осы жанжалдың неден шыққанына үңіліп, мәселенің негізгі тұстарына талдау жасады.
Culper Research есебінде Kaspi-ге тағылған басты айыптардың бірі – Ресеймен жасырын әрі тәуекелі жоғары байланыс. Мәселен, зерттеуде былай делінген:
«Украинадағы соғыстан кейін Қазақстанға ағылған ресейліктер үшін Kaspi арқылы есепшот ашу жеңілдеген. Осы себепті туристік карталар саны күрт артып, компанияның қаржылық нәтижесі жақсарған.
2021 жылдың соңынан бастап Қазақстандағы шетелдіктер депозитінің мөлшері 338%-ға өскен. Бұл кіріс тұрғысынан тиімді болғанымен, екінші реттік санкцияларға әкелетін үлкен қатер тудырады.
Себебі санкцияға ұшыраған Ресей экономикасымен байланысы бар кез келген қаржы мекемесі халықаралық бақылаушылардың назарына ілігеді».
Қайрат Сатыбалды қайдан жүр?
Сонымен қатар, Kaspi ресейлік Raiffeisenbank арқылы рубльмен операция жасағаны айтылған. Бұл банк қазіргі уақытта Ресейде әлі жұмыс істеп жатқан санаулы қаржы ұйымының бірі және ақшаны заңсыз жолмен шығару фактілері бойынша тергеуде тұр.
Зерттеуде Қазақстанда коррупциялық қылмыстарға қатысы бар деп танылған Қайрат Сатыбалдының да есімі аталады. «Қайрат Сатыбалды Kaspi арқылы жүздеген миллион долларды жылыстатты» деген айып бар.
Culper Research бұл факт компанияның ішкі бақылауының әлсіздігін көрсететінін, болашақта заңдық және қаржылық күрделі мәселелер туындататынын айтады.
Kaspi-дің Ресей нарығымен байланысы банк қызметімен ғана шектелмейтіні де айтылған. «Компанияның электронды коммерция платформасы ресейлік клиенттер мен жеткізушілерге белсенді түрде қызмет көрсетуде. Kaspi платформасы арқылы Ресейде сауда жасау жолдарын түсіндіретін форумдар мен чаттар көбейген. Сондай-ақ, компания ресейлік Smartix-пен QR Pay төлем жүйесін енгізуге талпынып, бұл ақпаратты америкалық инвесторлардан жасырып қалған. Kaspi-дің ресейлік Yandex.Taxi секілді компаниялармен байланысы да тығыз. Бұл компанияның Ресей нарығындағы ықпалын айқындайды. Егер мұндай байланыстар толық әшкере болса, халықаралық деңгейде беделіне айтарлықтай нұқсан келуі мүмкін», – делінген зерттеуде.
Kaspi санкцияға ілігуі мүмкін бе?
Culper Research мамандары Ресеймен қарым-қатынастың кесірінен Kaspi екінші реттік санкцияларға ілінуі мүмкін екенін ескерткен. «Kaspi санкцияланған тұлғалармен және компаниялармен жұмысын тоқтатуға мүмкіндігі бола тұра, 2024 жылы бұл әрекетті тоқтатпаған. Бұл байланыстар жария болып жатса, Kaspi АҚШ пен халықаралық нарықтағы позициясынан айырылады. Сондықтан компания тез арада стратегиялық шешім қабылдауы тиіс», – деп түйіндейді авторлар.
Kaspi бұл айыптарға бірден жауап беріп, зерттеудегі деректердің жалған екенін мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл шорт-позиция арқылы пайда көргісі келгендер ұйымдастырған шабуыл.
Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе әлеуметтік желі арқылы инвесторларға үндеу жасады:
«Бұл шорт-селлерлердің әдеттегі әрекеті. Зерттеудегі деректер бұрмаланған және компаниямызды қаралау мақсатында әдейі қолдан жасалған.
Біз 2020 жылдан бері Лондон қор биржасында жария компания ретінде жұмыс істейміз. Жақында Nasdaq-та листингтен өттік. Барлық операцияларымыз заңды әрі ашық. Жақында ғана халықаралық аудиттен сәтті өттік.
Біз өзіміздің есептерімізге, өнімдеріміз бен бақылау құралдарымызға толық сенімдіміз. Инвесторларымыз мұны жақсы біледі», – деп мәлімдеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін дәл осындай шорт-селлер шабуылына Freedom Holding Corp. компаниясы да ұшыраған болатын. Сол кезде Hindenburg Research компанияны жалған есептер арқылы инвесторларды жаңылыстырды деп айыптаған. Кейін тәуелсіз тексерулер жүргізіліп, айыптаулардың негізсіз екені дәлелденген еді.

