Каспий теңізінің қазақстандық секторында Әскери-теңіз күштерінің «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бірлескен күштердің теңіздегі қимылы
Ауқымды әскери маневрлерге Әскери-теңіз күштерінің кемелері, катерлері мен гидрографиялық кемелері жұмылдырылды. Сонымен қатар оқу-жаттығуға ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің кемелері мен Әуе қорғанысы күштерінің авиациясы белсенді қатысты.
Әскери қызметшілер айдын бетінде бірлескен маневр жасау және іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдерін пысықтады. Сондай-ақ кемелердің базалық пунктте және қорғалмаған рейдте тұрған кезінде асимметриялық қатерлерге тойтарыс беру іс-қимылдары нақтыланды.
Дрондар мен суасты диверсиясына тосқауыл
Бұл жиында заманауи ұрыс тәсілдеріне, әсіресе ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдануға және олардың шабуылына қарсы әрекет етуге баса мән берілді. Теңізшілер әуе шабуылы құралдарын дер кезінде анықтап, әуе қорғанысын үйлестіруді пысықтады.
Оған қоса жеке құрам жасырын суасты диверсиясына қарсы қорғаныс шараларын өткізіп, стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету машығын шыңдады.
Бас қолбасшының бағасы
Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы 1-ші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков жиынның маңыздылығын атап өтті.
«Оқу-жаттығу Әскери-теңіз күштерінің жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі. Ол командирлердің практикалық даярлығын және жеке құрамның теңізде әрекет ету машығын жетілдіруге, сондай-ақ жауынгерлік іс-қимылдарды ұйымдастыру кезінде басқару органдарының өзара іс-қимылын арттыруға бағытталған. Әртүрлі жағдайда әскери теңізшілер экипаждардың өзара іс-қимылын және нысаналарды анықтау мен жоюдың заманауи құралдарын қолдануды пысықтады», – деді Қанат Ниязбеков.
«Хазар Қорғаны – 2026» жиыны еліміздің теңіз шептерін қорғау, бөлімшелер арасындағы үйлесімді арттыру және жеке құрамның кез келген қауіпке дайын болуы жолындағы кезекті практикалық кезеңге айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







