4 мамырдан бастап «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның Бас атқарушы директоры қызметіне Майкл Дэниел тағайындалды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Майкл Дэниел азаматтық авиация саласында 40 жылдан астам тәжірибесі бар халықаралық деңгейдегі маман саналады. Ол АҚШ-тағы Эмбри-Риддл аэроғарыш университетін «Аэронавтика» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Кәсіби жолын АҚШ-тың Азаматтық авиация жөніндегі федералдық басқармасында, яғни FAA жүйесінде бастаған. Осы құрылымда ұшу пайдалану инспекторы, әуе кемелерін сертификаттау маманы, ұшу қауіпсіздігі қызметінің басшысы, халықаралық бағдарламалар мен саясат жөніндегі аға менеджер сияқты жауапты лауазымдар атқарған.
Оның FAA-ның Франкфурт, Нью-Йорк және Вашингтон қалаларындағы халықаралық кеңселерінде жұмыс тәжірибесі бар. 2006-2009 жылдары Сингапур мен Бейжіңдегі FAA халықаралық кеңселерін басқарған. Сол кезеңде шетелдік жөндеу ұйымдарын қадағалау, халықаралық қауіпсіздік бағалауы және авиациялық стандарттарды үйлестіру бағытымен айналысқан.
Майкл Дэниел әр жылдары APEC-тің көлік қауіпсіздігі және әуе қатынасы жөніндегі жұмыс тобы сияқты халықаралық бастамаларға жетекшілік еткен. Сонымен қатар халықаралық қадағалау, қауіпсіздікті бағалау және ИКАО-мен өзара жұмыс жүргізу саласында бірнеше басшылық қызметте болған.
Жаңа басшының тәжірибесі Қазақстан үшін маңызды. Себебі ел азаматтық авиациядағы ұшу қауіпсіздігін күшейтуге, әуе компанияларын сертификаттау жүйесін жетілдіруге және мемлекеттік қадағалауды халықаралық талапқа сай дамытуға мүдделі.
Майкл Дэниелдің негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашу бағытындағы жұмысты ілгерілету. Бұл үшін авиациялық қауіпсіздік, техникалық қадағалау, сертификаттау және халықаралық стандарттарға сәйкестік мәселесі шешуші рөл атқарады.
Қазақстан үшін АҚШ-қа тікелей әуе қатынасын ашу жай ғана жаңа маршрут емес. Ол елдің авиациялық беделі, туризм, бизнес байланыс және халықаралық логистика үшін маңызды қадам болмақ. Сондықтан жаңа басшының FAA мен ИКАО деңгейіндегі тәжірибесі осы бағыттағы жұмыстың сапасына тікелей әсер етуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







