Бүгінде елімізде 70-тен астам театр жұмыс істейді. Оның 59-ы мемлекеттік театр саналады. Бұл қатарда 11 республикалық және 48 өңірлік театр бар. Мұндай көрсеткіш сахна өнерінің ел мәдениетіндегі орны сақталып қана қоймай, жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев театрдың дамуы ел мәдениетінің деңгейін айқындайтын маңызды өлшемдердің бірі екенін атап өткен болатын. Қазақстандағы қазіргі ахуал осы пікірдің нақты көрінісіндей. Театрға келетін көрермен саны көбейіп, жаңа қойылымдарға сұраныс артып отыр.
2025 жылдың қорытындысы да саладағы оң серпінді айқын көрсетті. Былтыр мемлекеттік театрлар 410 жаңа қойылым ұсынды. Сонымен қатар 539 гастроль ұйымдастырылды. Оның 495-і еліміздің өңірлерінде, 44-і шетелде өтті.
Бір жыл ішінде отандық театрларда 16 мыңға жуық спектакль сахналанып, оларды 2 832 835 көрермен тамашалады. Бұл театрдың тек өнер ордасы ғана емес, қоғаммен тікелей байланыс орнататын мәдени кеңістікке айналып келе жатқанын аңғартады.
Қазақстандық театрлардың халықаралық деңгейдегі белсенділігі де күшейіп отыр. 2025 жылы отандық театр қайраткерлері 101 халықаралық және 90 республикалық фестиваль мен байқауға қатысты. Нәтижесінде 13 қазақстандық қойылым «Гран-при» және «Үздік спектакль» аталымдары бойынша жоғары марапаттарға ие болды.
Көрермен көбейіп, қойылым артты
Биыл да бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Жыл басынан бері мемлекеттік театрларға 611 685 көрермен барған. Осы кезеңде 197 жаңа спектакль сахналанды. Оның 146-сы отандық авторлардың шығармалары бойынша қойылса, 47-сі шетелдік драматургия негізінде ұсынылды.
Театр ұжымдары гастрольдік сапарларға да белсенді шығуда. Жыл басынан бері 106 гастроль ұйымдастырылды. Олардың қатарында Ресей, Сингапур және Түркия елдеріндегі өнер сапарлары бар.
Отандық театрлар Ресей, Испания, Беларусь және Түркияда өткен халықаралық фестивальдер мен байқауларға қатысып, қазақ сахна өнерінің әлеуетін танытып келеді. Ыстамбұлда өткен ТҮРКСОЙ халықаралық театр сыйлығының XI марапаттау рәсімінде «Астана Опера» театрының режиссері «Үздік театр режиссері» атанды.
Ал Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Romeo and Juliet» спектаклі Санкт-Петербургте өткен XXVII халықаралық жастар театр фестивалінде «Үздік спектакль» аталымын жеңіп алды.
Театр саласындағы жетістіктер мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаумен де тығыз байланысты. Биыл Президент Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрына «Ұлттық» мәртебе, ал Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына «Академиялық» мәртебе берілетінін айтты.
Мұндай шешімдер шығармашылық ұжымдардың кәсіби дамуына, репертуар сапасын арттыруға және халықаралық мәдени байланыстарды кеңейтуге жол ашады. Театрға берілетін мәртебе – тек атақ емес, сахна өнеріне артылған жауапкершілік пен сенімнің белгісі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







