Павлодар қаласындағы М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары қатысқан «Құқықтық отбасы» атты зияткерлік брейн-ринг ойыны өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты – балалар мен ересектердің құқықтық сауатын көтеру, заң алдындағы жауапкершілікті түсіндіру және отбасылық ынтымақтастықты нығайту.
Танымдық сайысқа қала мектептерінен жасақталған отбасылық командалар қатысып, бес кезең бойынша өзара күш сынасты.
Өзекті құқықтық мәселелер мен шынайы жағдаяттар
Ойын барысында қатысушылар бала құқықтары мен міндеттері, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік нормалары, қоғамдық тәртіп ережелері мен интернеттегі қауіпсіздікке қатысты сұрақтарға жауап берді. Әсіресе қазіргі қоғамда жиі кездесетін цифрлық алаяқтық, кибербуллинг, жасөспірімдердің заңсыз әрекеттерге тартылуы мен оқушылар арасындағы жанжалдар тақырыбындағы тапсырмаларға басымдық берілді.
Командалар интернеттегі бопсалау, дропперлік және мектептегі қысым көрсету фактілері бойынша дайындалған нақты жағдаяттарды талдап, осындай келеңсіздіктерге тап болғанда заң шеңберінде дұрыс әрекет ету алгоритмдерін ұсынды.

Қазылар алқасы мен жеңімпаздар
Қатысушылардың жауаптары мен тапқырлығын өңірдің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Мадина Джумадиева, қалалық полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің басшысы Руслан Сүлейменов және қоғам белсендісі Жәмилә Бұламбаева бағалады.
Тартысты өткен интеллектуалды доданың қорытындысы бойынша бірінші орынды №2 және №7 мектептердің атынан шыққан «Білгір» командасы жеңіп алды. Екінші орын №25 пен №35 мектептердің намысын қорғаған «Сұңқар» тобына бұйырса, үшінші орынды Жұмабек Тәшенов атындағы мектеп пен №48 мектептің «Зерде» командасы еншіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







