Кремльге жақын ресейлік олигарх Константин Малофеев айтқан Украина туралы ойы Ресей ақпарат кеңістігінде күтпеген саяси белгі ретінде қабылданды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Желіде тараған үзінділерде Малофеев Украинаға жеңілу Ресей үшін «ұят емес» деген мағынадағы пікір айтты. Ол мұны украиндарды «шын мәнінде орыстар» деп сипаттау арқылы түсіндіруге тырысқан. Ең қызығы Малофеев украиндардың ешқашан жеңілмейтінін, ешқашан бас имейтінін, соңына дейін күресетінін мойындапты.
Малофеевтің кім екенін ескерсек, бұл жай кездейсоқ пікір емес. Ол «орыс әлемі» идеологиясына жақын, Царьград медиа жобасымен танылған, Украинаға қарсы ресейлік бағытты көптен қолдап келе жатқан тұлғалардың бірі саналады.
АҚШ Қаржы министрлігі 2022 жылы оны Ресейдің санкцияны айналып өту және ықпал ету желісін басқарған олигарх ретінде сипаттаған, ал АҚШ Әділет министрлігі Малофеевке санкцияны бұзды деген айып таққан.
Еуроодақ құжаттарында да Малофеевтің Украинадағы сепаратистермен байланысы, Қырым аннексиясын және Украинаны Ресейге қосу идеясын қолдағаны көрсетілген. Ұлыбритания санкциялық тізімінде де оның Шығыс Украина мен Қырымдағы сепаратистік күштерге жақын екені жазылған.
Сондықтан оның «украиндар ешқашан берілмейді» деген мазмұндағы сөзі Кремльдің өз ішіндегі идеологиялық тұйықты көрсетеді.
Мәскеу мойындағысы келмеген ақиқат
Ресей пропагандасы үш жылдан астам уақыт бойы Украинаны әлсіз, жасанды мемлекет, Батыстың қолындағы құрал ретінде көрсетуге тырысты. Ал Малофеев секілді радикал топқа жақын адамның өзі украиндардың сынбайтын халық екенін мойындаса, Мәскеудің басты тезисі ішінен сөгіле бастағанын байқауға болады.
Бірақ оның сөзінде тағы бір айла бар. Малофеев украиндарды жеке ұлт ретінде мойындамай, «олар да орыс» деген ескі империялық формулаға қайта сүйеніп отыр.
Яғни ол Украинаның қарсылығын мойындайды, бірақ сол қарсылықтың ұлттық негізін жоққа шығарғысы келеді. Бұл Кремль идеологиясының ең үлкен қайшылығы. Бір жағынан, украиндарды «бауырлас халық» дейді. Екінші жағынан, сол халықтың қаласын атқылап, мемлекеттілігін жоюға тырысады.
Малофеевтің сөзі Ресей элитасындағы көңіл күйдің өзгеріп жатқанын да аңғартады. Бұрын «Киев бірнеше күнде құлайды» деген сенім басым болса, қазір «украиндар соңына дейін күреседі» деген амалсыз мойындау пайда болғаны анық.
Мұндай мәлімдеме Путин жүйесі үшін ыңғайсыз. Егер украиндар шынымен берілмесе, онда Ресей бұл соғысты не үшін жалғастырып отыр деген сұрақ күшейеді. Егер Украина жеңілмейтін халық ретінде қабылданса, онда Мәскеудің «арнайы операция» арқылы тез нәтиже аламыз деген есебі толық күйреді деген сөз.
Қысқасы, Малофеев Украинаға құрмет білдірейін деп отырған жоқ. Ол әлі де украиндарды «орыс әлемінің» ішіне күштеп сыйғызғысы келеді. Бірақ оның аузынан шыққан бір шындық бар: Украина сынбады. Ал Ресей насихаты үшін ең ауыр соққы да осы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







