Сарапшы Әзиза Қасенова Қазақстан экономикасында мемлекеттің үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отырғанын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұндай жағдай бәсекені шектеп, нарықтық ынталандыруды бұрмалайды әрі экономиканың құрылымын күрделендіретіні белгілі. Корпоративтік басқару бойынша OECD жүргізген шолуда осы түйткіл ашық көрсетілген. Мемлекет бір мезетте әрі реттеуші, әрі сол нарықтың ірі меншік иесі ретінде әрекет етуі нарық талабына қайшы. Мұндай модель мүдделер қақтығысын туындатып, тиімділікті төмендетеді және жауапкершілікті төмендетеді.
«Самұрық» пен «Бәйтеректің» кінәсі неде?
Сарапшы Азиза Қасенованың айтуынша, квазимемлекеттік секторды басқару мәселесі бұрынғыдай техникалық деңгейде қарастырылмайды. Ол бүгінде бюджеттің орнықтылығы, инвестициялық климат және ұзақ мерзімді экономикалық өсіммен тікелей байланысты жүйелік факторға айналған.
Мемлекет экономикадағы жоғары үлесін ұзақ уақыт бойы тұрақтылық құралы ретінде пайдаланылып келді. Мемлекеттік активтер жұмыспен қамтуды қамтамасыз етіп, инфрақұрылымды бақылауда ұстап, стратегиялық міндеттерді іске асыруға мүмкіндік берді. Алайда экономика күрделенген сайын осы тәсіл кері нәтиже беретіні де жасырын емес.
– OECD деректері Қазақстан экономикасындағы 30 саланың кемінде 20-сында мемлекет қатысатын кәсіпорындар бар екенін көрсетіп отыр. Мемлекет тек стратегиялық және инфрақұрылымдық сегменттерде ғана емес, нарық өздігінен жұмыс істей алатын салаларға да кіріп алған. Мұндай жағдайда жеке сектор тең емес шарттарға тап болады. Мемлекеттік компаниялардың бюджет қаржысына, әкімшілік ресурстарға және реттеушілік жеңілдіктерге қол жеткізуі инвестиция мен инновацияға деген ынтаны әлсіретеді, – дейді Әзиза Қасенова.
Өз кезегінде Әзиза Қасенова квазимемлекеттік сектордың институционалдық тұрғыдан бытыраңқы екенін де атап өтті. Бүгінде мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттің қатысуы бар ЖШС мен АҚ, ұлттық әл-ауқат қоры, ұлттық холдингтер, олардың еншілес ұйымдары, әлеуметтік қорлар мен мамандандырылған құрылымдар арқылы кіріккен. Формалды түрде олар әртүрлі органдарға бағынышты болғанымен, іс жүзінде ортақ басқару қағидаттарынсыз бір экономикалық кеңістікте жұмыс істейді.
Бәйтеректің үлкен тәуекелдері
Сарапшының айтуынша, квазимемлекеттік кәсіпорындарды шартты түрде төрт топқа бөлуге болады. Біріншісі «Самұрық-Қазына» қорының компаниялары. Екіншісі, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің құрылымдары. Үшіншісі, орталық мемлекеттік органдарға қарасты ұйымдар. Төртіншісі, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен жергілікті атқарушы органдардың құрылымдары. Әр топтың басқару логикасы, мақсаттары мен есеп беру тетіктері әртүрлі. Тиімділікті бағалаудың бірыңғай тәсілінің жоқтығы функциялардың қайталануына және жауапкершіліктің шашырауына әкеп соққанын да жасырын емес.
Әзиза Қасенова «Самұрық-Қазына қоры Қазақстан экономикасындағы ең ірі меншік иесі екенін айтады. Ашық деректерге сүйенсек, 2024 жылы қор тобының табысы 17 трлн теңгеден асқан. Қор ішінде стратегиялық, коммерциялық және әлеуметтік активтер қатар орналасқан және олар көбіне бірдей басқару қағидаттарына бағынады. Мұндай жағдай өз кезегінде айқаспалы субсидиялауға, ынталандырудың бұрмалануына және инфрақұрылымды жасырын қолдау тетігі ретінде пайдалануға жол ашатынын алға тартты.
– Стратегиялық активтер ұзақ мерзімді мемлекеттік мүддені қамтамасыз етуі керек. Коммерциялық активтер уақытша сипатқа ие болып, біртіндеп жекешелендірілуі тиіс. Ал әлеуметтік активтер пайда табуды мақсат етпеуі қажет. Осындай айқын жіктеу болмаған жағдайда квазимемлекеттік сектор экономиканың дамуын тежейтін факторға айналады, – дейді маман.
Қатаң бөлініс қашан орнайды?
Осы ретте Әзиза Қасенова «Бәйтерек» холдингіне де тоқталып, ол бастапқыда даму институты ретінде құрылғанымен, уақыт өте келе активтердің тікелей меншік иесіне айналғанын тілге тиек етті.
– 2023 жылдың соңында холдингтің міндеттемелері 10, 9 трлн теңгеден асып, оның жартысынан астамы мемлекеттік қаржыландыру есебінен жабылған. Осылайша тәуекелдің негізгі бөлігі бюджетке түсетінін қолмен қойғандай көрсетіп берді. Қолдау шараларын әкімшілендіру мен нарықта меншік иесі ретінде әрекет ету бір құрылымда тоғысқанда бірыңғай стратегия қалыптастыру қиындайды, – дейді Әзиза Қасенова.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек дамыған елдерде меншік пен реттеу функцияларын қатаң бөлінген. Мемлекет саясат қалыптастырып, бақылау жүргізсе, активтерді басқару кәсіби меншік иесінің міндеті болып саналады. Осы қағидат сақталмайынша, кез келген реформа әкімшілік сипатта қалып, нарықтық нәтиже бермейді.
Сарапшы мемлекеттік активтерді басқарудың бірыңғай орталығын құруды негізгі қадам ретінде қарастырады. Мұндай құрылым активтерді экономикалық функциясына қарай жіктеп, оларды мемсекторда қалдырудың орындылығын бағалауы керек. Бұл ведомстволық емес, экономикалық логикаға негізделген басқаруға жол ашады.
Азиза Қасенованың пайымдауынша, мемлекеттік активтерді ұтымды басқару орнықты бюджет пен бәсекелі экономиканың негізі. Функцияларды бөлу, активтерді нақты жіктеу және жасырын әкімшілендіруден бас тарту арқылы квазимемлекеттік сектор бұрмалаулар көзі емес, дамудың тиімді құралына айналуы мүмкін.
Экономист Расул Рысмамбетов қазақ элитасының Дубайға ұмтылысы тұрмыстық жайлылықпен, климатпен немесе сәнмен байланыстырмайтынын ашып айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

