Кванттық компьютерлердің қарыштап дамуы адамзатты цифрлық кеңістіктің ең үлкен дағдарыстарының біріне жақындатып келеді. Ғалымдар мен киберқауіпсіздік мамандары қазіргі криптографиялық қорғаныс тетіктерін бұза алатын кванттық технологиялардың келуін «Q-күні» (Q-Day) деп атап, әлемнің бұған әлі дайын еместігін ескертуде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Q-күні» деген не?
«Q-күні» – бұл күнтізбедегі нақты бір күн емес, кванттық компьютерлер кәдімгі есептеуіш жүйелердің қауіпсіздігіне тірек болып отырған ашық кілтті шифрлау әдістерін оңай бұза алатын деңгейге жететін шешуші меже. Қазіргі кезде банк операцияларын, жеке хат-хабарларды, мемлекеттік құпияларды және медициналық деректерді қорғап тұрған RSA және эллиптикалық қисық криптографиясы (ECC) секілді алгоритмдер кәдімгі суперкомпьютерлерге мыңдаған жыл бойы шешуге берілмейді. Алайда кванттық құрылғылар күрделі математикалық есептерді санаулы сағат немесе күн ішінде шешіп шығуға қауқарлы.
Онлариодағы кванттық есептеулер зерттеушісі, профессор Микеле Моска бұл қауіптің кенеттен келетінін айтады.
«Барлығы қауіпсіз, қауіпсіз, қауіпсіз болып тұрады да, бір сәтте барлық қорғаныс күлін көкке ұшырады. Мұнда бізге алдын ала ескертетін кері санақ сағаты жоқ», – деп түсіндірді ғалым.
«Қазір жинап, кейін ашу»: қауіп бүгіннен басталды
Сарапшылардың пікірінше, ең басты қауіп «Q-күнінің» өзінен емес, оған дейінгі әрекеттерден туындап отыр. Қаскөйлер мен арнайы мемлекеттік топтар қазірдің өзінде «қазір ұрла, кейін аш» (harvest now, decrypt later) тактикасына көшкен. Олар интернеттегі шифрланған үлкен көлемдегі деректерді жасырын түрде жинап, сақтап қоюда. Болашақта қуатты кванттық компьютер шыққанда, жиналған архивтерді оп-оңай ашып алады.
Бұрын бұл қауіп тек 2030 жылдардан кейін ғана орын алады деп есептелген еді. Алайда жақында жарияланған ғылыми зерттеулер меженің айтарлықтай жақындағанын көрсетті. Мәселен, Google зертханасының мәліметтеріне сай, биткоин немесе эфириум әмияндарын қорғап тұрған алгоритмдерді бұзу үшін бұрын ойлағаннан 20 есе аз, шамамен 500 мың кубит те жеткілікті болуы мүмкін. Google және Cloudflare сынды алпауыттар қатерлі кезең 2029 жылдың өзінде-ақ басталуы ықтимал деп болжайды.
Криптовалютадан кардиостимуляторға дейін
Қауіп тек банктер немесе мемлекеттік архивтермен шектелмейді. Кванттық соққы адам өміріне тікелей қатысы бар медициналық жабдықтарға да қатер төндіруі ықтимал. Атап айтқанда, инсулин сорғылары мен кардиостимуляторлар секілді сымсыз байланыс арқылы жұмыс істейтін құрылғылардың қауіпсіздік хаттамалары жаңартуды талап етеді.
«McKinsey деректеріне сүйенсек, әлемдегі компаниялардың 90 пайыздан астамында кванттық шабуылдарға қарсы нақты қауіпсіздік жоспары әлі жоқ».
Бұл ретте ғалымдар қарап отырған жоқ. Технологиялық институттар посткванттық қорғанысы бар жаңа микрочиптерді әзірлеп жатыр. Сонымен бірге криптография қауымдастығы кванттық шабуылға төтеп беретін тың стандарттарды бекітуге кірісті. Дегенмен бүкіл жаһандық инфрақұрылымды жаңа қауіпсіздік деңгейіне көшіру ондаған жылдарды талап етуі мүмкін болғандықтан, мамандар уақыттың тым аз қалғанын ескертеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!




