Петропавлдың «Қызылжар» кәсіпқой футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға ресми түрде халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, спорт функционері клубтың бас бухгалтерімен сыбайласып, қазынаның 414 миллион теңгесін қалтаға басты және мемлекетке ірі көлемде салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген.
Тергеу материалдарына қарағанда, клуб басшылығы бюджет қаражатын жымқырудың классикалық әдісін қолданған. Лория мен клубтың бас бухгалтері футболшылардың шетелдегі және ел ішіндегі оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру үшін жалған құжаттар толтырып, қызметтердің құнын бірнеше есе көтерген. Іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер үшін фирмалардың шотына ақша аударылып, кейін қаржы қолма-қол шығарылып отырған.
Басшылық 2021–2023 жылдары жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықты төлеуден жалтару арқылы мемлекетке тағы 133 миллион теңгеге жуық залал келтірген. Заңсыз схеманы бірге ұйымдастырған бас бухгалтер жақында кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал күдікке ілінген Григорий Лория қылмыстық қудалау басталған бойда шекара асып үлгерген. Сот оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алуды сырттай мақұлдап, мемлекетаралық іздеу жариялады.
Футболдағы «ескі гвардия» өкілі
Григорий Лория — отандық футболда ондаған жылдар бойы жүрген, клубтық жүйенің қыр-сырын әбден меңгерген шенеуніктердің бірі. Ол кезінде «Астана», «Шахтер», кейіннен Петропавлдың «Қызылжар» клубын басқарған. Лорияның жетекшілігі кезінде командалар жергілікті әкімдіктерден миллиардтаған теңге субсидия алып тұрды.
Алайда қомақты бюджет балалар футболына, заманауи жаттығу базаларына немесе стадиондар салуға емес, көбіне күмәнді шетелдік легионерлерге және арадағы агенттік комиссияларға шашылды. Нәтижесінде инфрақұрылым сол күйі тозып қалса, қазына қаржысы пысықай жетекшілердің қалтасында кетті.
«Қызылжар» клубының төңірегіндегі шу — отандық кәсіпқой спорттағы жүйелі былықтың тағы бір айғағы. Жыл сайын өңірлік әкімдіктер футбол клубтарын ұстап тұру үшін жергілікті бюджеттерден ондаған миллиард теңгені судай сапырады. Бір ғана клубтың жылдық шығыны 2-3 миллиард теңгеден кем түспейді.
Соңғы уақытта қаржылық бақылау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірқатар клубтарды («Ақтөбе», «Ордабасы», «Қызылжар») жаппай тексеруі саладағы әбден тамыр жайған жемқорлық схемаларын ашып берді.
Қоғамды алаңдататын басты мәселе — халықтың миллиардтарын талан-таражға салған шенеуніктердің жауапқа тартылар сәтте шетелге оп-оңай тайып тұратындығы. Тексеру жүргізу ғана емес, сыртқа қашқандарды елге қайтарып, ұрланған әрбір теңгені бюджетке қайтару — мемлекеттің басты міндеті. Әйтпесе, отандық футбол ел спортының мақтанышы емес, шенеуніктердің байитын жеке жемсауына айналған күйі қала бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







