Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында соңғы жеті жылда Қазақстанда оқушы орындарының санын көбейтуге, үш ауысымды және апатты мектептерді азайтуға, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және жайлы жағдай жасауға бағытталған білім беру инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2019 жылдан бастап елімізде 1,1 млн оқушыға арналған 1 342-ден астам мектеп салынды. Мектеп желісінің кеңеюі қордаланған инфрақұрылымдық мәселелерді дәйекті түрде шешуге мүмкіндік берді. Осы кезеңде үш ауысымды мектептер саны 4 есеге, апатты мектептер 2 есеге, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы 4 есеге қысқарды.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы
Білім беру инфрақұрылымы бірнеше негізгі бағыттар бойынша белсенді дамуын жалғастыруда.
Бірінші. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Соңғы жылдардағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы болды. Жоба аясында 460 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салынды, оның ішінде 84 мектеп ауылдық жерлерде бой көтерді.
Жоба қосымша оқушы орындарын ашып қана қоймай, бірқатар өткір инфрақұрылымдық мәселелерді нақты шешуге мүмкіндік берді: 54 үш ауысымды және 14 апатты мектептің мәселесі толық жойылып, 100-ден астам мектепте орын тапшылығы азайды.
Бұл балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан – ірі қалаларда да, ауылдық елді мекендерде де білім алуына тең жағдай жасауға және осылайша қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты азайтуға ықпал етті.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры
Тағы бір жүйелі шешім Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының құрылуы болды. Оған сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат түседі. Қор қаражаты есебінен 100 мыңға жуық оқушыға арналған 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылды. Бүгінгі таңда 83 нысан пайдалануға берілді, тағы жеті нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.
Қор қаражаты ең алдымен оқушы орындарының тапшылығы, үш ауысымды оқыту және апатты ғимараттар мәселелері анағұрлым өткір тұрған өңірлерге бағытталады. Аталған тетік аясында жаңа мектептер салынып, қолданыстағы нысандар қайта жаңартылуда және қосымша ғимараттар құрылысы жүргізілуде.
Бұл ретте жаңа мектептердің құрылысы ұлттық жоба мен Қордан тыс та жалғасуда. Қаржыландыруға кешенді көзқарас қолданылады: республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ жеке инвестицияларды тарту тетіктері бар. Мұндай тәсіл оқушы орындарының ағымдағы тапшылығын бір мезгілде шешуге және тез дамып келе жатқан елді мекендердегі демографиялық өсімді ескеруге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, соңғы жеті жылда мектеп инфрақұрылымын дамыту тәсілі жекелеген нысандарды нүктелі салудан білім беру желісін жүйелі жоспарлауға ауысты. Бүгінде жаңа мектептердің құрылысы демографиялық ахуалмен, оқушылар контингентінің болжамымен, орындар тапшылығының деңгейімен, қолданыстағы ғимараттардың жай-күйімен және нақты елді мекендердің қажеттіліктерімен байланыстырылады.
Мектептердің ауқымды құрылысы, «Келешек мектептері» ұлттық жобасын іске асыру, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорын құру және әртүрлі қаржыландыру көздерін тарту есебінен елімізде оқушы орындарының тапшылығы мәселесін одан әрі шешу, үш ауысымды оқыту мен апатты мектептерді азайту үшін берік негіз қалыптасты.
1,7 миллионнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды
Мектепте дұрыс тамақтануды ұйымдастыру – бұл балаларымыздың денсаулығына, дамуына және үлгеріміне тікелей әсер ететін стратегиялық басымдық.
Балалық шақтағы дұрыс тамақтану – толыққанды өсудің, белсенді ойлаудың және табысты оқудың негізі. Жетекші халықаралық ұйымдардың – Гарвард университеті, ЮНИСЕФ, ДДҰ деректері бойынша, теңгерімді тамақтану когнитивтік қабілеттерді дамытуға, зейінді шоғырландыруды арттыруға, иммунитетті нығайтуға және адамда өмір бойы сақталатын дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан мектептегі тамақтану тек қауіпсіз ғана емес, сонымен бірге сапалы, алуан түрлі және пайдалы болуы тиіс.
Мемлекет басшысының тапсырмасы мен ведомствоаралық үйлестіру нәтижесінде, 2023 жылдан бастап бастауыш сыныптардың барлық оқушыларын қоса алғанда, 1,4 млн-нан астам бала және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 230 мың бала мектептегі тегін тамақпен қамтылды.
Мектеп тамағы бағдарламасын қамтамасыз етуге мемлекет жыл сайын 210 млрд теңгеден астам қаражат бөледі. Қазіргі уақытта әлеуметтік әмиян және ваучерлік жүйе арқылы тамақтануды цифрлық мониторингтеуді автоматтандыру енгізілді.
Шағын жинақты мектептерде кейтеринг және модульдік асханалар іске асырылды. Жеткізушілермен 45 мыңнан астам шарт жасалды. Бракераж комиссиялары, ведомствоаралық сараптамалық топтар арқылы бақылау күшейтілді. Мектептегі тамақтану – бұл еліміздің денсаулығына, біліміне және болашағына салынған инвестиция.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






