Әлеуметтік желіде қызу талқыланып, қоғам назарын аударған Magnum желісіндегі даулы оқиғаға байланысты компания басшылығы арнайы мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Компания жетекшілері ел алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, туындаған келеңсіздік үшін көпшіліктен кешірім сұрады.
– Қадірлі тұтынушыларымыз, қымбатты отандастар! Соңғы күндері болған жағдай сіздердің де, біздің де көңілімізге кірбің түсірді.
Қазақ – сабырлы халық, кез келген түсініспеушілікті ақылмен шешкен елміз. Біз де осы дәстүрді ұстанып, қызметкеріміз бен клиентіміз арасындағы келіспеушілікті реттедік.
Тараптар бір-бірімен татуласып, өзара кешірім сұрап, қол алысты. Бүгінде мәселе толық шешіліп, қызметкеріміз өз жұмысын жалғастыруда. Бәріміз қазақпыз. Осы елдің азаматымыз. Әрине, біз де қазақ тілін құрметтейміз. Ана тіліміз — басты құндылығымыз. Оны білу — әрбіріміздің асыл парызымыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді компанияның топ-менеджері Нияз Шапақов.
Оның айтуынша, Magnum басшылығы халыққа қызмет сапасын арттыруға күш салып, клиенттерінің сенімінен шығуға тырысады.
Айта кетелік, бұған дейін әлемжеліде Асылхан дейтін азамат Magnum сауда желісі арқылы азық-түлікке тапсырыс бергенін, оны жеткізген Еркін есімді курьердің өзінен қазақша сөйлеуді талап еткенін айтып, наразылығын білдірген. Кейін компания тарапынан курьердің жұмыстан қуылғаны хабарланған. Артынша бұл мәселе әлемжеліге таралып, ел ішінде қызу пікірталас туғызған еді.
Бүгін қазақша сөйлеуді талап еткені үшін жұмыстан қуылған курьер мен клиент өзара мәмілеге келді. Еркін мен Асылхан тіл табысқаны туралы видеоүндеу жолдап, «осымен бұл істі жабайық» деген пікір білдірді.
Бұдан бөлек Магнум компаниясының курьерді қайтадан жұмысқа қабылдағаны белгілі болды.