Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен екі халықаралық білім беру жобасын іске қосты. Бағдарламалар студенттердің ағылшын тілін жетілдіріп, оқытушылардың кәсіби тәжірибесін кеңейтуге бағытталған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Университетке АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының делегациясы келді. Құрамында Қоғаммен байланыс жөніндегі Бас консул орынбасары Джефф Райденур, American Spaces бағдарламасының үйлестірушісі Тимур Сулбаев және Fulbright бағдарламасының қатысушысы Алессандра Кабрера болды. Делегация университет басшылығымен кездесіп, алдағы бірлескен жұмысты талқылады.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыты English Language Fellow Program бағдарламасына қатысуға байланысты. Жоба АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолдауымен және Джорджтаун университетімен серіктестікте жүзеге асырылады. Конкурстық іріктеуден сәтті өткен Жетісу университеті жаңа оқу жылында америкалық маманды қабылдау мүмкіндігіне ие болды.
Осы келісім аясында университетке Fulbright English Teaching Assistant бағдарламасының қатысушысы Алессандра Кабрера келді. Бағдарламаны АҚШ Мемлекеттік департаментінің Білім және мәдениет мәселелері жөніндегі бюросы қаржыландырады. Америкалық маман студенттер мен оқытушылардың тілдік дағдысын дамытуға, сондай-ақ мәдениетаралық байланысты кеңейтуге атсалысады.
Алессандра Кабрера English Access бағдарламасының негізгі орындаушыларының бірі болады. Университет халықаралық серіктестік аясында English Access + KazTEA атты екінші жобаны да жүзеге асырады. Бағдарлама Қазақстан ағылшын тілі оқытушылары қауымдастығымен бірлесіп, АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының қолдауымен 2026 жылғы 5 қазанда басталады.
English Access ағылшын тілін 18 ай бойы тегін оқытуға арналған гранттық бағдарлама саналады. Қатысушылар тіл үйренумен қатар академиялық, көшбасшылық және цифрлық дағдысын дамытады. Олар АҚШ мәдениеті мен құндылықтарымен танысып, Бас консулдық және Fulbright өкілдерімен тікелей кездеседі.
Бағдарлама аясында Қазақстанда жұмыс істейтін америкалық компаниялар өкілдерінің қатысуымен мансаптық іс-шаралар өткізіледі. Курсты толық әрі сәтті аяқтаған жастарға арнайы сертификат табысталады. Осылайша студенттер тілдік біліммен бірге болашақ мамандығына қажет тәжірибе мен кәсіби байланыс қалыптастырады.
Тіл мен технология тоғысқан жоба
Жоба негізінен ғылым, технология, инженерия, математика, ақпараттық технология, бизнес және менеджмент бағыттарында білім алатын студенттерге арналған. Оған 18-20 жастағы бірінші және екінші курс жастары қатыса алады. Үміткердің ағылшын тілі деңгейі кемінде A2, ал үлгерім көрсеткіші 3,0 және одан жоғары болуы қажет.
Ресми кездесуде тараптар ағылшын тілін оқыту сапасын көтеру мәселесін талқылады. Оқытушылардың кәсіби дамуына жағдай жасау және халықаралық білім жобаларын кеңейту жолдары да қарастырылды. Университет басшылығы мұндай бағдарламалар заманауи әдістемені меңгеріп, әлемдік тәжірибені оқу үдерісіне енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Джефф Райденур университеттің ағылшын тілін оқыту сапасын арттыруға және халықаралық тәжірибені енгізуге деген ұмтылысын жоғары бағалады. Оның айтуынша, English Language Fellow аясындағы бірлескен жұмыс студенттер мен оқытушыларға жаңа мүмкіндік ашады. Жоба Қазақстан мен АҚШ арасындағы білім беру байланысын одан әрі нығайтады.
Басқарма төрағасы-ректор Ермек Бөрібаев екі ел арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуда осындай ауқымды бағдарламалардың ықпалы зор екенін айтты. Ол жас маман Алессандра Кабрераға Жетісу университетіндегі қызметіне табыс тіледі. Серіктестік оқытушылардың тәжірибе алмасуына және білім алушылардың шетелдік мамандармен тікелей жұмыс істеуіне жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







