Шымкенттегі Орыс драма театрының сахнасында Алматының INTERIUS театры «Көңілдес» спектаклін ұсынды. Қойылым махаббат, күрделі таңдау және адам тағдырын өзгертетін сезімдер туралы сыр шертеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстанның бірнеше қаласында көрермен ықыласына бөленген туындыға Шымкент жұртшылығы да қызығушылық танытты. Спектакль билеттері қойылым басталғанға дейін белсенді сатылды.
Оқиға желісі өмірде болған жағдайға негізделген. Онда 15 жылға созылған махаббат, тағдырлы бір кездесу және алпыс жылға жуық үнсіздік суреттеледі.
Басты кейіпкер сезімі, шығармашылық мұраты және жеке тағдыры арасында таңдау жасауға мәжбүр болады. Оның қабылдаған шешімі кейінгі бүкіл өміріне әсер етеді.
Театрдың көркемдік жетекшісі әрі режиссері Разия Хасанованың айтуынша, көрермендердің әрқайсысы қойылымнан өз өміріне ұқсас жағдайды таба алады.
«Адам махаббат пен өмірлік міндеттің бірін таңдағанда өзін осы оқиғадан көреді. Билікке, атаққа ұмтылу керек пе, әлде өз жолыңнан адаспау маңызды ма? Қате бағытқа бұрылғанда адамның қалай өзгеретіні де көрсетіледі», – деді ол.
Спектакль даңқы шарықтаған әйелдің неліктен сахнадан, сүйікті кәсібінен және өз дауысынан бас тартуы мүмкін екенін көрсетеді. Сонымен бірге әр таңдаудың өзіндік өтеуі болатынын аңғартады.
INTERIUS театрының актері Сергей Байғабұлов әр қойылым әртістерге ерекше эмоциялық қуат сыйлайтынын айтты. Оның сөзінше, сахнада қызмет ету – актер үшін рухани мәні терең жауапкершілік.
Театр өкілдері өнер адамның өзін және ішкі сезімдерін жақсырақ түсінуіне көмектеседі деп есептейді. Қойылымнан кейін көрермендер актерлерге келіп, жеке оқиғалары мен жан толғанысын жиі бөліседі.
Актер Даниил Пруцконың айтуынша, театр туындыларына психологтер де назар аударған. Алматыдағы мамандардың бірі «Басқа Дюймовочка» спектаклінен терапиялық мән байқап, оны пациенттеріне ұсынған.
INTERIUS театры 20 қазанда Шымкент көрерменіне осы «Басқа Дюймовочка» қойылымын да ұсынды. Балалық шақтан таныс ертегі жаңа түсіндірмеде ересектерге арналған терең мазмұнға ие болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







