Маңғыстау облысында білім беру саласына еңбегі сіңген ұстаздар мен ардагерлерге мемлекеттік наградалар табысталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
18 маусымда Ақтауда Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын тапсыру рәсімі өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес өңірдегі ұстаздар мен білім саласының ардагерлері марапатталды.
Марапат білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі және ел алдындағы еңбегі үшін берілді. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты.
Маңғыстау ауданының білім беру саласының ардагері Жанат Керелбаева мен Қарақия ауданындағы №8 жалпы білім беру мектебінің тарих және құқық пәні мұғалімі Балқия Бижанова «Құрмет» орденімен марапатталды.

Ақтау қаласындағы Ибаш Жанболатова атындағы №15 мектеп-гимназиясының биология пәні мұғалімі Марал Жұмағұлова марапатталды. Сол сиықты Маңғыстау ауданындағы Алшын Меңдалыұлы атындағы мектептің математика пәні мұғалімі Несіпгүл Қуанбаева және Ақтаудағы №20 Мұхтар Әуезов атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Шархат Мұсабаева «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.
Нұрдәулет Қилыбай марапат иелерін құттықтап, ұстаз еңбегі қоғам үшін ерекше маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, педагогтердің кәсіби білігі мен табанды еңбегі жас ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашады.
— Ұстаз қоғамдағы ең қадірлі мамандықтың бірі. Сіздердің еңбектеріңіз жас ұрпақтың білімді әрі елге пайдалы азамат болып қалыптасуына негіз қалайды. Мемлекеттік награда көп жылғы еңбектеріңізге берілген лайықты баға, — деді облыс әкімі.
Маңғыстау облысында мемлекеттік награда алған педагогтер білім сапасын арттыруға, мектептегі тәрбие жұмысын дамытуға және жас буынның азаматтық болмысын қалыптастыруға үлес қосып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







