Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаевтағы жағажайды коммуналдық қызметкерлермен бірге қоқыстан тазартты. Кейін өңір басшысы жұмысшылармен бір дастархан басында отырып, олардың күнделікті тіршілігі мен ұсыныстарын тыңдады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Ерекше кездесу облыста апта сайын өтетін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Таңмен таласа жұмысқа шығатын коммуналдық қызмет мамандары үшін әкіммен бейресми жағдайда жүздесу күтпеген оқиға болды. Олар өңір басшысымен бірге жағажайды тазалап, еркін пікір алмасты.
Марат Сұлтанғазиев жұмысшылардан еңбек жағдайы мен мамандықтың қиындығы туралы сұрады. Әңгіме барысында тұрғындардың тазалық мәдениеті мен коммуналдық саладағы өзекті мәселелер де көтерілді. Қызметкерлер көкейіндегі сауалын бүкпесіз қойып, нақты ұсынысын жеткізді.
Кездесу ресми жиынның қалыптасқан шеңберінен тыс өтті. Әкім жұмысшылардың күнделікті бетпе-бет келетін мәселесін тікелей өз аузынан тыңдады. Мұндай формат еңбек адамы мен жергілікті билік арасындағы арақашықтықты қысқартуға мүмкіндік берді.

Тазалық жұмысы аяқталған соң әңгіме ақ дастархан басында жалғасты. Таңғы ас үстінде коммуналдық сала ғана емес, өңірдің дамуы, отбасы, бала тәрбиесі және қоғамдағы еңбек адамының орны сөз болды. Қатысушылар күнделікті өмірге қатысты ойымен де бөлісті.
Коммуналдық қызметкерлер өңір басшысының қарапайым жұмысшыларға арнайы уақыт бөлгеніне ризашылық білдірді. Олардың айтуынша, мұндай кездесу еңбегінің еленіп, жұмысының бағаланатынын сезінуге мүмкіндік береді. Ашық әңгіме жұмысшылардың көңіл күйіне де оң әсер еткен.
Кездесу соңында тазалықшыларға естелік сыйлық табысталды. Марат Сұлтанғазиев қала көшесі мен қоғамдық кеңістіктің тазалығы коммуналдық қызметкерлердің күнделікті еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті. Ол жұмысшыларға жауапты қызметі үшін алғыс айтты.
«Өңірдің таза әрі жайлы болуы – сіздердің күн сайын атқарып жүрген еңбектеріңіздің нәтижесі. Қоршаған ортаны және туған жерді таза ұстау баршамызға ортақ міндет. Осы жолдағы қызметтеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді облыс әкімі.

Алматы облысында «Таза бейсенбі» шарасы тұрақты өткізіліп келеді. Оған тұрғындар, кәсіпкерлер, жастар, қоғам белсенділері және мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысады. Акция қоршаған ортаны тазартумен қатар, экологиялық жауапкершілікті күнделікті өмір салтына айналдыруды көздейді.
Еңбек адамының мәртебесін арттыруға арналған мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасады. Ашық формат коммуналдық қызметкерлердің ұсынысын тікелей тыңдап, қордаланған мәселені жедел шешуге жол ашады. Ең бастысы, қала тазалығының артында маңдай тері мен адал еңбегі тұрған адамдарға құрмет қалыптастырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







