Әлеуметтік желілерде Қытайда жаңа вирус өршіп тұрғаны туралы ақпарат тарады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz stopfake.kz-ке сілтеп.
Желіде тараған жазбада адам метапневмовирусы (hMPV) коронавирус инфекциясынан әлдеқайда қауіпті екені айтылады.
«Бұл шындыққа жанаспайды. Адам метапневмовирусы — кең таралған респираторлық вирус. Ол төменгі және жоғарғы тыныс алу жолдарының ауруын тудырады. Вирус барлық жастағы адамдарға әсер етеді, дегенмен балалар, қарттар және иммундық жүйесі әлсіреген адамдар арасында ауру жұқтыру қаупі жоғары», — деп жазылған басылым дерегінде.
Адам метапневмовирусы алғаш рет 2001 жылдың соңында Нидерландтағы науқастан анықталған. 2018 жылға қарай вирустың екі генотипі (А және В сызықтары) анықталды, олардың әрқайсының екі субтипі болған.
Адам метапневмовирусы әлемде кең таралған. Мамандардың пікірінше, ол адамдар арасында кем дегенде 1950 жылдардың соңынан бастап тарап келеді. Вирус жыл бойы белсенді болады, бірақ маусымдық ауытқуы бар.
Аурудың таралуының негізгі жолы — ауа, тамшы, байланыс және тұрмыстық тәсіл.
Метапневмовирустық инфекцияның белгілері суық тиюге, тұмауға және басқа респираторлық инфекцияларға ұқсас: жөтел, мұрыннан су ағу, тамақ ауруы және температураның жоғары болуы.
«Аурудың жеңіл түрімен ауырған адамдардың көбі дәрігерге бармай-ақ жазылады, өйткені ауру өздігінен кетеді. Симптомдарды жеңілдету үшін үйде ем шара жүргізуге болады. Алайда симптомдар күшейсе, ентігу, қатты жөтел немесе өкпенің сырылы пайда болса, дәрігерге жүгіну керек. Ауыр жағдайларда hMPV бронхитке немесе пневмонияға әкелуі мүмкін, әсіресе, балаларда», — деп жазылған деректе.
Айта кетерлік жайт, 10 жасқа дейінгі балалардың бәрінде осы вирусқа қарсы иммунитет қалыптасады. Қайталанатын аурулар ағзаның әлсіреуіне, иммунитеттің төмендеуіне немесе вирустың жаңа штамының шығуына байланысты пайда болуы мүмкін.
«Әлеуметтік желілерде тараған ауруханаларда адам көп екені туралы мәлімдемелерге қарамастан, ресми есептер жағдай ауыр екенін растамайды. Қытайдың ұлттық ауруларды бақылау және алдын алу басқармасы (NCDPA) 16-22 желтоқсан аралығында респираторлық инфекциялардың айтарлықтай артқанын тіркеді. NCDPA өкілі Кан Бяоның айтуынша, қыс және көктем мезгілдерінде респираторлық аурулардың көбеюі күтілсе де, биылғы жағдайлардың жалпы саны 2024 жылмен салыстырғанда төмен болады деп болжанып отыр. Бейжің hMPV өршуі COVID-19 пандемиясы секілді болады деген алаңдаушылықты сейілту үшін баспасөз хабарламасын шығарды. Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мао Нин «респираторлық инфекциялар әдетте қыс мезгілінде шарықтау шегіне жетеді» деді», — деп жазылған деректе.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайда вирус өршуіне қатысты әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. ДДСҰ да, Бейжің де төтенше жағдай жариялаған жоқ.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде метапневмовирус таралуына қатысты түсініктеме берді.
«Адам метапневмовирус штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өсуі кезеңінде инфекциялардың басқа түрлерімен қатар анықталды. Денсаулық сақтау министрлігі халықты профилактика шараларын сақтауға және адамдар көп жиналатын жерлерде байланыстарды шектеуге шақырады, әсіресе, бұл созылмалы аурулары бар ең осал пациенттерге қатысты», – деп жазылған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтындағы хабарламада.
Демек, Қытайда өршіген hMPV ауруы COVID-19-дан да қауіпті екені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Метапневмовирус – бұл маусымдық респираторлық инфекция. Ол коронавирус сияқты жаһандық қауіп төндірмейді. Қазақстанда метапневмовирус ауруы тіркелді, алайда олардың саны көп емес. Осыған қарамастан, ведомство жағдайды бақылауды жалғастыруда және азаматтарды алдын алу шараларын сақтауға шақырады.