Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі қалпына келу кезеңінен өтіп, сапалы әрі орнықты өсімге бет алды. Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығы саланың 2021-2025 жылдардағы даму динамикасына арналған шолу жариялады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Зерттеудің негізгі қорытындысына сәйкес, 2023 жылдан кейін өндіріс өсімін сақтап, импорт қарқыны бәсеңдеген және саланың құрылымы технологиялық тұрғыдан күрделене түскен.
Ұлттық талдау орталығының есебінше, 2021-2025 жылдары өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторларындағы өндірістің орташа жылдық өсімі доллармен есептегенде 11,2 пайызға жетті. 2025 жылы жылдық өсім 12,1 пайызға дейін жеделдеді. Көрсеткіш өндірістің уақытша қалпына келумен шектелмей, біртіндеп тұрақты даму арнасына көшкенін аңғартады.
Импорт динамикасында да елеулі өзгеріс байқалды. Негізгі тауар топтары импортының орташа жылдық өсімі 2021-2023 жылдары 23,9 пайыз болған еді. 2023-2025 жылдары аталған көрсеткіш 2,9 пайызға дейін төмендеп, сырттан жеткізілетін өнім көлемінің жедел ұлғаюы іс жүзінде тоқтады.
Талдауға өңдеу өнеркәсібіндегі импорттың негізгі тоғыз тауар тобы енгізілді. Олардың қатарына машина жасау, тамақ өнімдері, химия өнеркәсібінің өнімі, жеңіл өнеркәсіп тауарлары және дайын металл бұйымдары кірді. Резеңке мен пластмасса бұйымдары, кокс пен мұнай өңдеу өнімдері, металлургиялық өнім және фармацевтикалық препараттар да зерттеу аясында қамтылды.
Аталған тоғыз топ Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы өндірістің шамамен 88 пайызын құрайды. Сондықтан олардың динамикасы саладағы құрылымдық өзгерістерді бағалауға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижесі өндірістік базаның кеңейіп, технологиялық салалардың салмағы артып келе жатқанын көрсетті.
Машина жасаудың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 2021 жылғы 13,9 пайыздан 2025 жылы 17,2 пайызға дейін өсті. Жоғары технологиялық өндірістердің үлесі осы кезеңде 20,7 пайыздан 27,6 пайызға көтерілді. Сөйтіп, машина жасау мен технологиялық бағыттар өнеркәсіп өсімінің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды.
Саланың әртараптану деңгейінде де оң өзгеріс бар. Өндірістің шоғырлануын өлшейтін Герфиндаль–Хиршман индексі 0,306-дан 0,281-ге дейін төмендеді. Индекс мәні төмендеген сайын өндіріс құрылымының кеңейіп, жекелеген салаларға тәуелділіктің азайғаны байқалады.
Мұндай бетбұрыс тауарлық құрылымында шикізаттың үлесі әлі де жоғары Қазақстан экономикасы үшін маңызды. Өңдеу өндірісінің өсуі шығарылатын өнім көлемін ғана емес, елдің ішкі өндірістік мүмкіндігін де кеңейтеді. Сонымен бірге импортқа тәуелділікті азайтып, шикізаттық емес экспорттың әлеуетін күшейтеді.
Өсімнің келесі мүмкіндігі ішкі сұранысты нығайтумен байланысты. Тамақ өнеркәсібінде отандық өндіріс пен экспорт қатар артып келеді, алайда ішкі нарықта импортты алмастыратын мүмкіндік әлі де мол. Қазақстандық өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыру осы бағыттағы шешуші тетіктердің біріне айналмақ.
Технологиялық жаңғыру
Отандық өнімді ілгерілету мақсатында 2026 жылғы 1 маусымнан бастап еліміздің барлық өңірінде қазақстандық ірімшіктерді насихаттауға арналған жоба іске қосылды. Бастаманы Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі көтерді. Жоба «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамымен және өңірлік сауда әрі тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармаларымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр.
Жобаның әдістемелік сүйемелдеуін Ұлттық талдау орталығы қамтамасыз етеді. Арнайы құралдарды енгізу үшін еліміздің барлық өңірінен 40 сауда нысаны таңдалды. Жобаның негізіне 2026 жылдың көктемінде жүргізілген тәжірибелік зерттеу алынды.
Зерттеуді Ұлттық талдау орталығы Behavioural Insights Team сарапшылар тобымен және Magnum Cash & Carry сауда желісімен бірлесіп өткізген. Тәжірибелік дүкендерде отандық тауардың көзге бірден түсуіне көмектесетін қарапайым шешімдер сыналды. Олардың арасында «Қазақстанда жасалған» навигациясы, сөрелік таспалар мен бөлгіштер, жапсырмалар, баннерлер және дыбыстық хабарландырулар болды.
Қарапайым безендіру мен ақпараттандыру тәсілдері қазақстандық ірімшіктің сатылымын 20 пайызға арттырды. Мұндай нәтиже мінез-құлыққа ықпал ететін құралдардың әлемдік тәжірибедегі орташа әсерінен едәуір жоғары болды. Тәжірибе тұтынушы таңдауына өнімнің сапасымен қатар, оның сөреде қаншалықты анық көрсетілгені де әсер ететінін дәлелдеді.
Ұлттық талдау орталығының зерттеуі отандық өнімді таңдауға кедергі келтіретін негізгі мәселе тауар туралы ақпараттың аздығы екенін көрсетті. Сауалнамаға қатысқан тұтынушылардың 71 пайызы сатып алған ірімшігінің маркасын атай алмаған. Тағы 32 пайызы өнімнің қай елде өндірілгенін білмеген.
Соған қарамастан, сатып алушылардың басым бөлігі қазақстандық тауарларға оң көзқарас танытқан. Олар отандық өнім сөреде анық көрініп, оны бірден тануға мүмкіндік жасалған жағдайда жергілікті өндірушілерді қолдауға дайын. Демек, өндірісті қолдау тек зауыттағы технологиямен емес, дүкендегі дұрыс таныстырылыммен де байланысты.
Қазақстандық ірімшікке қатысты тәжірибе өнеркәсіп саясатының нақты сауда құралдарына қалай айналатынын көрсетті. Салаларды макроэкономикалық деңгейде талдау, сауда орындарында шешімдерді сынау, нәтижені өлшеу және тиімді тәсілді кеңейту бір жүйеге біріктірілді. Мұндай модель болашақта өзге отандық тауарларды ілгерілетуге де қолданылуы мүмкін.
Жобаны кеңейтудің алғашқы қорытындысы 2026 жылдың шілде айының соңында шығарылады. Алынған нәтиже қазақстандық өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіруге пайдаланылады. Мінез-құлыққа ықпал ету тәсілдерін мемлекеттік саясаттың басқа бағыттарына енгізу мүмкіндігі де қарастырылып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







