Халық кеңесінің өкілі Мұрат Әбенов отандық «FlyArystan» әуе компаниясының жолаушылардың қол жүгіне қатысты саясатын қатаң сынға алып, оны заңдастырылған рэкетке теңеді. Қоғам қайраткері әуежайлардағы трап түбінде қойылатын заңсыз талаптар мен негізсіз айыппұлдарға тосқауыл қою үшін Бас прокуратура мен Үкімет мүшелеріне ашық үндеу жолдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Трап түбіндегі тығырық: «Не төле, не ұшпайсың»
Мұрат Әбенов өзіне ондаған жолаушыдан арыз-шағым түскенін, адамдарды ұшаққа отырар алдында ғана тексеріп, таңдау қалдырмай тығырыққа тірейтін жағдайлар жиілеп кеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, гейт маңында келісімшартта жоқ қосымша ақы төлеуді күштеп талап ету Азаматтық кодекс талаптарына қайшы келеді.
– Жолаушыларды дәл ұшаққа кірер кезде, трап маңында тексереді. Ол жерге калибраторларын қойып алады. Осы сәтте адам тығырыққа тіреледі, оның басқа таңдауы қалмайды. Артық жүкті шығарып салған адамдарға қалдыра алмайсың, оны қалыпты бағамен багажға өткізуге де мүмкіндік жоқ. Адамдарға: «Айыппұлды осында дәл қазір төле, әйтпесе ұшпайсың, билетің күйеді» деген қатаң ультиматум қойылады. Ал Азаматтық кодекс келісімшартта жоқ қызметті күштеп таңуға тыйым салады. Бастапқы келісім болмаса, мұндай төлемдерді өндіріп алуға ешқандай заңды негіз жоқ, – деп мәлімдеді Мұрат Әбенов.
Президент тапсырмасы және Үкіметтегі лобби
Қоғам белсендісі Президент Тоқаевтың монополистердің жасырын комиссиялары мен тұтынушыларға салынатын түрлі айыппұлдарды болдырмау жөніндегі тапсырмасының аяқсыз қалып отырғанына назар аударды. Қазір заң жобасында әуе тасымалдаушыларына бастапқы шартта көрсетілмеген қосымша төлем алуға қатаң шектеу қою нормалары қарастырылған.
Дегенмен депутат атқарушы билік өкілдерінің әрекеті күмән тудыратынын ашық айтты.
– Сауда вице-министрлерінің бірі тұтынушылардың құқығын қорғаушыларды «тұтынушылық экстремизм танытты» деп көпшілік алдында айыптады. Осының бәрін көргенде көкейде сұрақ туады: Үкіметте әуе компаниясына заңсыз табыс табуға саналы түрде жол беріп, трап түбіндегі төлемдерге көз жұмып отырған мүдделі лоббистер жоқ па? – деп сауал тастады депутат.
Құзырлы органдар мен министрлерге қойылған талап
Мұрат Әбенов мәселені түбегейлі шешу үшін бірнеше мемлекеттік мекемеге ресми үндеу жасады. Ол Бас прокуратурадан азаматтарды рейстен қалдырамын деп қорқытып, заңсыз ақша жинау дерегіне қатаң құқықтық баға беруді сұрады. Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитетінен ұшақ басында жиналатын миллиардтаған қаржының қаншалықты фискалданып, одан қазынаға салық төленіп жатқанын тексеруді талап етті.
Сондай-ақ депутат Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғаринге, Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке және Көлік министрлігіне шұғыл шара қабылдауды міндеттеді.
– Неліктен жекеменшік компанияның ережелері заңнан да, Қазақстан азаматтарының мүддесінен де жоғары тұрады? Құқық қорғау комитеті бұл біздің мәселе емес дегендей сыңай танытуды қашан қояды? Әуе компаниялары өз пайдасына бұрмалай алмайтын бірыңғай қол жүгі стандарты қашан енгізіледі? Базалық 7 келі қол жүгі азаматтарды бопсалау құралына айналмауы тиіс, – деп түйіндеді Мұрат Әбенов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







