Алматыда қатты нөсер жауса, мердігер компаниялардың жұмысының сапасы бірден белгілі болып жатады. Жаңбыр кейде табиғи құбылыс қана емес, сапасыз жұмыстың артын ашатын әділ тексеруші айналды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қала тұрғындары былтыр Яссауи көшесінде жөнделген жолды арықтан аққан су шайып кеткені әлі ұмытыла қойған жоқ. Сол кезде Алматы әкімдігі мердігердің кемшілігін көзіні шұқып тұрып көрсетіп, жолды қайта жөндеткені есімізде. Яғни, нөсер жауын қағаздағы өтірік есепке емес, нақты сапаны анықтап берген еді.
Ал бүгінгі жауыннан кейін жөндеуден өтіп жатқан Алматы әуежайының алды айдын көлге айналғанын бәріміз көрдік.
Жолаушылар түсірген видолардан әуежай маңындағы аумаққа су жиналып қалғанын анық байқауға болады. Қателеспесек, әуежайдағы күрделі жөндеу жұмысын былтырдан бері түрік компаниясы жүргізіп жатыр. Шамасы олар әуежайдың алдындағы суағар жүйесін, су ағатын табиғи еңісті толық есепке алмаған секілді. Назарға алса, әуежайдың алды мұндай айдын-көлге айналмас еді.
Әуежай қаланың басты қақпасы саналады. Оның алды жаңбыр жауса көлге айналса, бұл жай ғана қолайсыздық емес, үлкен кемшілік. Суағар дұрыс жасалмаса, бетон мен асфальттың әдемі көрінісінен не пайда? Алғашқы нөсерде-ақ сыр беретіні белгілі.
Алматы қаласының әкімдігі осы жағдайды назардан тыс қалдырмай, мердігерден кемшілікті тез арада жоюды талап еткенін қалаймыз.
Әйтпесе жұмысын өткізіп, ақшасын алған соң, құрылыс компаниясын таппай қалуымыз мүмкін. Қалаға керегі, есеп үшін жасалған жөндеу емес, нөсерге шыдайтын сапалы инфрақұрылым.
Осындайда кемшілікті көрмей қалатын кей маманнан гөрі, бәрін ашып беретін нөсер жауынға рахмет айтқың келеді екен. «Жаңбыр жауды, су жиналды, сапа көрінді» деген әңгіме осы айғайын. Енді жауапты тараптар үнсіз қалмай, нақты әрекетке көшуі керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







