Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары мен Астана қаласынан келген мәслихат депутаттарымен кездесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Делегация Маңғыстау өңіріне тәжірибе алмасу және өзара ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандум аясында арнайы іссапармен келді. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, туризм әлеуеті, инвестициялық жобалар, инфрақұрылым мәселесі және өңіраралық байланысты күшейту бағыттары талқыланды.
Нұрдәулет Қилыбай меймандарға Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұрасы терең, табиғаты ерекше, қонақжай өңір екенін атап өтті. Аймақ басшысы өңірдің туризм, мәдениет, білім және инновация бағытындағы мүмкіндіктеріне де тоқталды.
– Маңғыстау – қонақжай ғана емес, табиғаты мен тарихы үндескен ерекше өлке. Біздің өңір талантты жастарымен, мәдениетімен және жетістіктерімен мақтанады. Соңғы жылдары білім мен инновация бағытында да жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Мәселен, робототехника саласы бойынша Жаңаөзен жастары республикалық, халықаралық дәрежеде жақсы жетістіктер көрсетуде. Осындай кездесулер өңіраралық байланысты нығайтып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Өз кезегінде делегация өкілдері Маңғыстаудың табиғи ерекшелігіне, туризм мен экологияны ұштастырған бастамаларына жоғары баға берді. Олар тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін өңір басшылығына алғыс білдірді.
Жиында ішкі туризмді дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, еліміздің өзге өңірлеріндегі балалар мен жастарды Маңғыстауға демалысқа және танымдық сапарларға жіберу жөнінде ұсыныс айтылды. Мұндай бастама жастардың ел ішіндегі тарихи орындарды танып, өңірлер арасындағы рухани байланысты күшейтуіне жол ашуы мүмкін.
Сапар аясында қонақтар Маңғыстаудың тарихи-мәдени орындарын, туристік нысандарын және теңіз инфрақұрылымын аралады. Сонымен қатар өңірдің экономикалық және туристік әлеуетімен танысты.
Тараптар өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Маңғыстау үшін мұндай кездесулер тек ресми байланыс емес, өңірдің туризм, мәдениет, инвестиция және жастар саясаты бағытындағы мүмкіндігін кеңінен танытатын маңызды алаң болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







