Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мұнай-газ саласындағы жергілікті қамту, цифрлық егіздерді енгізу және ғылыми-зерттеу жұмыстарына бөлінетін қаржы мәселесі кеңінен қаралды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиын Жақып Хайрушевтің төрағалығымен өтті. Оған Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров пен министрліктің бейінді департаменттері қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың ғылымды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелері ерекше назарға алынды. Қазір Қазақстанда жер қойнауын пайдалануға қатысты 320 келісімшарт қолданыста болса, соның 291-інде ғылыми қаржыландыру міндеті қарастырылған.
Министрлік өкілдерінің мәліметінше, 44 келісімшартта ғылымды қолдауға жұмсалатын қаржы келісімшарттық қызметтен түсетін жиынтық жылдық табысқа байланыстырылған. Ал 247 келісімшарт үлгілік құжат негізінде жасалып, өткен жылдың қорытындысы бойынша өндіруге кеткен нақты шығынның 1 пайызын ғылыми зерттеуге аударуды көздейді.
Ұсынылған дерекке қарағанда, 2025 жылдың қорытындысында осы бағытқа 8,9 млрд теңге бөлінген. Қаржыландыру көлемі жағынан «Қаражанбасмұнай», «Қожан» және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» алдыңғы қатарда тұр.
Отырыста осы қаржының ендігі тағдыры да нақты айтылды. Ғылымға бағытталатын қаражат мемлекеттік бюджеттің арнайы түсімдері санатына енгізілген. 2026 жылдың ақпанында күшіне енген жаңа қағидалар бойынша мұндай аударымдар толық орталықтандырылады. Енді қаржыландырылатын жобалар Энергетика министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесі бекітетін басым бағыттарға сай болуы керек. Ал жобаларды іске асыру Ғылым комитеті арқылы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидаты негізінде жүргізіледі.
Кеңесте мұнай-газ секторына цифрлық егіздерді енгізу мәселесі де талқыланды. Аталған бағыт өндірістік процестерді нақтырақ бақылауға, ресурстарды тиімді басқаруға және саладағы деректердің ашықтығын күшейтуге бағытталған. Яғни әңгіме жай жаңа технология енгізу туралы ғана емес, мұнай-газ кешеніндегі шешім қабылдау сапасын көтеру жайында болып отыр.
Жалпы отырыстың мазмұны мұнай-газ саласында енді тек өндіру мен экспортқа емес, ғылымға, цифрлық басқаруға және тиімді бақылау тетіктеріне де басымдық беріліп жатқанын көрсетті. 8,9 млрд теңгенің ғылымға бағытталуы да, қаржыландыру тетігінің орталықтандырылуы да осы саланың жаңа талаппен жұмыс істеуге көшіп жатқанын аңғартады.
FlyArystan әуе компаниясы Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстерді 29 тамызға дейін тоқтатты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







