Астанада ағза трансплантациясы, дәрігерлердің күрделі еңбегі және өмірлік маңызды операцияны күтіп жүрген пациенттердің тағдыры арқау болған «4739» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. «Хабар» агенттігі түсірген туынды донорлық мәселесін қоғам талқысына шығаруды көздейді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Көрсетілімге Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, дәрігерлер мен ғалымдар қатысты. Қоғам қайраткерлері, ағза ауыстырып салу операциясынан өткен азаматтар және олардың жақындары да іс-шараға келді. Фильм авторлары мен кейіпкерлері туындының түсірілу барысы және көтерілген мәселенің маңызы туралы ой бөлісті.
Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығын елдің басты құндылығы ретінде үнемі атап көрсететінін айтты. Президент Қазақстандағы трансплантологияның жүйелі дамуына және отандық дәрігерлердің кәсіби деңгейіне де назар аударған. Қазір қазақстандық мамандар заманауи технологияны, жан-жақты дайындықты және тұтас медициналық команданың үйлесімді жұмысын қажет ететін күрделі операцияларды орындайды.
Премьер-министр орынбасары жаңа Конституцияда адамның өмір сүру құқығы ешкім айыра алмайтын ең қымбат құндылық ретінде бекітілгенін атап өтті. Мемлекет азаматтардың денсаулығын қорғауға кепілдік беріп, медициналық жүйеге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан аурудың алдын алудан бастап, оны дер кезінде анықтау, күрделі емдеу және трансплантацияға дейінгі барлық мүмкіндік толық пайдаланылуға тиіс.
Аида Балаеваның айтуынша, Үкімет трансплантация жүйесін одан әрі жетілдіруге басымдық береді. Медициналық ұйымдардың кәсіби әлеуетін нығайту және халыққа түсіндіру жұмысының сапасын арттыру да маңызды міндет саналады. Әр азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғау мемлекеттің бұлжымас басымдығы болып қала береді.
Фильм атауындағы 4739 санының астарында мыңдаған адамның тағдыры жатыр. Қазір Қазақстанда дәл осынша пациент ағза трансплантациясын күту тізімінде тұр. Олардың басым бөлігі үшін донорлық ағза өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі саналады.
Өмір сыйлайтын келісім
Жыл сайын 350-ден астам науқас қажетті операцияға кезегі жетпей көз жұмады. Қазақстандағы трансплантацияның шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалады. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді.
Соңғы бес жылда елімізде 1500-ге жуық ағза ауыстырып салу операциясы жүргізілген. Соның әрбір төртіншісі 2025 жылдың үлесіне тиесілі. Өткен жылы бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе трансплантациясы бойынша 310 операция жасалды.
Балалар трансплантологиясындағы ілгерілеу де медицинаның маңызды жетістігіне айналды. 2026 жылы Қазақстанда алғаш рет балаға жүрек трансплантациясы сәтті жасалды. Операция жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытудың жаңа кезеңіне жол ашты.
Электрондық үкімет порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты ұстанымын 172 283 адам білдірген. Олардың 16 109-ы ағзасын пайдалануға келісім берсе, 156 174 азамат бас тартқан. Көрсеткіш қоғамда донорлық туралы ашық әрі түсінікті ақпараттың әлі де қажет екенін аңғартады.
Фильм пациенттердің, олардың отбасылары мен медицина қызметкерлерінің шынайы оқиғаларына құрылған. Туынды адам өмірінің құндылығы, жеке жауапкершілік және дер кезінде қабылданған шешімнің салмағы туралы ой қозғайды. Авторлар түрлі көзқарас пен өмірлік ұстанымға құрметпен қарай отырып, трансплантация төңірегінде ашық пікір алмасуға жол ашуды көздеген.
«4739» деректі фильмін 24KZ телеарнасының журналисі Назерке Тоқжан мен режиссер Берік Шаров түсірді. Туынды донорлыққа қатысты саналы шешімнің операция күтіп жүрген адамға жаңа өмір сыйлауы мүмкін екенін көрсетеді. Фильм 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көрсетіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







