«Әділет» партиясының Жастар қанаты өңірлердегі жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Оқырман ұрпақ» атты жаңа жобаны бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа бастама 17 облыс пен республикалық маңызы бар үш қаланы қамтиды. Қазірдің өзінде жобаға 1,5 мыңға жуық жас қосылып отыр. Олар кітап клубтарына топтасып, өзара пікір алмасып, интеллектуалды орта қалыптастырады.
«Бір ай – бір кітап – бір кездесу» қағидаты
Жобаның негізгі өзегі – «Бір ай – бір кітап – бір кездесу» тұжырымдамасы. Қатысушылар ай сайын бір таңдаулы шығарманы оқып, арнайы кездесулерде талқылайды. Бастама президент Тоқаевтың оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмасымен үндеседі. Басты мақсат – үздіксіз ақпарат пен гаджеттер дәуірінде жастардың сыни ойлауын дамытып, еркін пікір алаңын құру.
Партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Ерлік Шамғали заманауи тәсілдердің маңызына тоқталды.
«Қазіргі ақпараттың көптігі, технологиялардың қарқынды дамуына байланысты күнделікті смартфон мен гаджетті пайдаланған жастардың кітап оқуға қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Сондықтан біз осы жеңіл технологияларды тиімді пайдалана отырып, олардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға септігімізді тигіземіз деген ойдамыз», – деді Ерлік Шамғали.
Кітап клубтары интерактивті форматқа көшеді
Ауқымды бастаманың алғашқы басқосулары өңірлерде өтіп үлгерді. Батыс Қазақстанда жобаның алғашқы кездесуі Махамбет атындағы университетте ұйымдастырылса, Түркістан облысындағы тұсаукесер «Altynsarin» балалар кітапханасында өтті. Ал Шымкент жастары Жандарбек Бұлғақовтың «Сөз менеджменті» кітабын оқып, арнайы Quiz ойынында өзара сынға түсті.
Ұйымдастырушылар кітап талқылауды тек дәстүрлі баяндамамен шектемей, дебат, интеллектуалды квиз бен интерактивті ойындармен байытуды көздеп отыр. Партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Еркебұлан Мадиярұлы жаңа трендтердің тиімділігін атап өтті.
«Клуб жұмысын алдағы уақытта түрлі форматта жалғастырғымыз келеді. Тек дөңгелек үстелде бас қосып, кітап бойынша 2-3 сұрақ қойып тарқасумен шектелмей, куиздер мен пікірсайыстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта интеллектуалды ойындар үлкен тенденцияға айналып келеді», – деп түсіндірді Еркебұлан Мадиярұлы.
Жыл соңына дейін жоба аясында тұрақты оқырмандар қауымдастығын құру, ай сайынғы кітап оқу жоспарын жүйелеу, өңірлік қорларды толықтыру және жастар арасынан жаңа модераторларды дайындау көзделген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







