Президент Тоқаев Уашингтонда өтетін «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне Әзербайжанның да қатысуын қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Тоқаев Бакудің өңірлік рөлін жоғары бағалап, Әзербайжанды «үлкен Орталық Азияның ажырамас бөлігі» деп атады.
«Әлиевтің мұндай маңызды мәжіліске қатысқанын қалар едім. Энергетикалық әлеуеті, оңтайлы географиялық орналасуы, президент Әлиевтің стратегиялық ұстанымы мен саяси ерік-жігерінің арқасында Әзірбайжан Оңтүстік Кавказда ғана емес, одан тыс аймақта да маңызды рөл атқарып, іс жүзінде аймақтық көлік-логистикалық және энергетикалық орталыққа айналды. Бакуді үлкен Орталық Азияның ажырамас бөлігі ретінде қарастыру қажет», – деді Тоқаев.
Қазақстан басшысы АҚШ президентінің саммит өткізу бастамасын уақыт талабына сай деп отыр. «Жиын барлық тарап үшін тиімді боларына сенемін», – дейді ол.
6 қарашада Уашингтонда өтетін кездесу Әмірика пен Орта Азияның бес мемлекетін біріктіретін «C5+1» форматында ұйымдастырылмақ. Трамп саммитке Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшыларын ресми шақырған. Биыл АҚШ пен аймақ елдері арасындағы «C5+1» дипломатиялық платформасына 10 жыл толады.
Тоқаевтың Әзербайжан туралы мәлімдемесі Баку мен Орта Азия интеграциясының күшейіп жатқанын аңғартады. Кейінгі жылдары Әлиев өңір басшыларының жабық есік жағдайында өтетін жиындарына арнайы қонақ ретінде қатысып жүр. Сарапшылар «Оңтүстік Кавказ Орта Азияны Батыс нарығымен байланыстыратын қақпаға айналды» деп есептейді.
Биыл тамызда Астанада өткен аймақ басшыларының саммитінде Әзірбайжан өңірлік ынтымақтастықтың маңызды серіктесі ретінде аталды. Сол кезде Ілхәм Әлиев түркі елдерін «тарихи, мәдени және геосаяси тұрғыдан біртұтас кеңістік» деп сипаттаған. Тоқаев та келіссөз барысында Әзірбайжанды «өңірлік держава» әрі «бауырлас мемлекет» деп атап өткен.
«Әзербайжан Еуразия кеңістігіндегі энергетикалық және көлік хабы ретінде мықтап орнықты. Еуропаға мұнай-газ экспортын ұдайы арттырып келе жатқан негізгі ойыншының бірі осы Баку.
Ресейдің басқыншылығынан кейін дәстүрлі сауда дәлізінің жұмысы бұзылып, Орта Азия мен Әзербайжан арқылы өтетін «Орта дәліздің» маңызы күрт артты. Астана мен Баку сауда-логистикада Кремльді айналып өтетін «негізгі ойыншылар» ретінде өз позициясын бекіте бастады», — дейді осы тұста сарапшы Айбар Олжай.
Әмірика да осы сауда дәлізіне құмбыл көңіл бөліп отыр. Уашингтон саммитінде АҚШ билігі Транскаспий дәлізін дамытуға мүдделі екенін, сонымен бірге «Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арқылы өтетін сауда-логистикалық маршрутты» күшейтуді көздейтінін ашық айтпақшы.
Саммиттің дәстүрлі «C5+1» форматы Орта Азияның бес мемлекетімен шектелгендіктен, Әзербайжанның Уашингтондағы басқосуға қатысу-қатыспауы белгісіз. Бакуге әзірге ресми шақыру келмеген. Тоқаевтың шараға Әлиевтің қатысуын ашық қолдауы саммиттің күн тәртібіне өзгеріс енгізуі ғажап емес.
Сарапшылар пікірінше, Әзербайжанның саммитке қосылуы аймақтық энергетикалық қауіпсіздік пен көлік-логистикалық интеграция мәселесіне қатысты келіссөзге қосымша серпін береді.
Бұдан Ақ үй де ұтылмайды. Саммит қонақтарының сапына Әлиев те қосылар болса, Әмериканың аймақтағы арман-мұраты орындалып, Мәскеу мен Бейжіңнен ыға қоймайтын жаңа стратегиялық альянстың құрылуына жол ашылады.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Астана мен Тәшкенттің тактикасы: Тоқаев-Мирзияев тандемі Трампқа не ұсынады

