Қазақстанда бензин бағасы өзге елдер бойынша әлі де ең төмен деңгейдің бірінде қалып отыр. Арзан баға жүргізушілерге тиімді болғанымен, мемлекет үшін күрделі мәселе туғызуда. Көрші елдермен арадағы алшақтық жанармайды сыртқа тасымалдау қаупін күшейтеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Energyprom мәліметінше, Қазақстанда АИ-95 маркалы бензиннің бір литрі шамамен 0,69 доллар тұрады. Ресейде аталған жанармай 0,94 доллар, Қырғызстанда 1,02 доллар, Қытайда 1,14 доллар, Өзбекстанда 1,34 доллар шамасында сатылады. Әлемдік орташа баға бір литрге 1,47 доллардан асады.
Баға айырмашылығы қазақстандық жүргізушілер үшін қолжетімді жанармай ғана емес, қосымша тәуекел де қалыптастырады. Ел ішіндегі бензин көрші мемлекеттермен салыстырғанда арзан болған сайын, оны шекара асырып әкетуге ынта күшейеді. Жанармай заңды жолмен де, көлеңкелі арналар арқылы да сыртқа шығарылуы мүмкін.
Осыған байланысты Қазақстан бензинді автокөлікпен сыртқа шығаруға қойылған тыйымды 21 қарашаға дейін ұзартты. Энергетика министрлігі шектеуді тағы алты айға сақтау жөнінде ұсыныс білдірді. Мұндай шара ішкі нарықтағы қорды қорғауға және жанармай ағынын бақылауда ұстауға бағытталған.
Ел ішінде бензин тапшылығы әзірге байқалмайды. Жылдың алғашқы бес айында қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары 2,5 миллион тонна бензин өндірді. Көрсеткіш өткен жылғы көлемнен сәл төмен болғанымен, ішкі сұраныс негізінен отандық өндіріс есебінен өтеліп, импорт ең төмен деңгейде қалып отыр.
Нарықтағы ұсыныс жеткілікті болғанына қарамастан, бензин бағасы өсуін жалғастыруда. Маусым айында жанармай тағы 1,1 пайызға қымбаттаса, бір жылдағы өсім 15,6 пайызға жетті. Бағаның ең жоғары өсімі АИ-95 және АИ-96 маркаларында тіркелді.
Қосымша қысым көрші мемлекеттердегі жағдайдан туындап отыр. Ресейде мұнай өңдеу зауыттарындағы қиындық пен биржалық бағаның өсуіне байланысты кейбір тәуелсіз жанармай құю бекеттерінде бензиннің литрі 100 рубльден асып кетті. Ресейден жанармайдың 90 пайыздан астамын импорттайтын Қырғызстан тұрақты жеткізілімге көмектесу жөнінде бірнеше елге, соның ішінде Қазақстанға жүгінді.
Нәтижесінде елдің жанармай нарығында қарама-қайшы ахуал қалыптасты. Қазақстан ішкі сұранысты өз өндірісімен толық қамтамасыз етіп отыр, алайда арзан бензиннің көрші нарықтарға ағылуына жол бермеуге мәжбүр. Баға теңгерімін сақтау мен ішкі қорды қорғау енді мемлекеттің негізгі міндетінің біріне айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







