Жалпыұлттық социал-демократиялық партия кезектен тыс XXV съезінде Құрылтай сайлауына арналған бағдарламасы мен кандидаттар тізімін бекітті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Партия жаңа электоралдық кезеңдегі саяси стратегиясын да айқындады. Съезд барысында Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысатын кандидаттар тізімі мақұлданып, сайлауалды бағдарлама таныстырылды.
ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов Қазақстан жаңа Конституция қабылданғаннан кейін саяси дамудың келесі кезеңіне өткенін айтты. Оның сөзінше, партия көп жылдан бері көтеріп келе жатқан бірқатар идея жаңа Негізгі Заңда көрініс тапқан.
Асхат Рахымжанов мұны партия ұстанымының өміршеңдігін көрсететін саяси белгі ретінде бағалады. Оның айтуынша, ЖСДП үшін бұл партияның жиырма жылдық белесімен тұспа-тұс келген маңызды кезең.
Партияның жаңа сайлауалды бағдарламасы «Прогреске бастайтын 20 белес» деп аталады. Онда төрт негізгі бағыт қамтылған. Олар әділетті мемлекет қалыптастыру, адам мүддесіне жұмыс істейтін экономика құру, лайықты өмір сапасын қамтамасыз ету, сондай-ақ цифрлық дәуір мен жаңа жаһандық сын-қатер жағдайында Қазақстанды дамыту мәселелеріне арналған.
Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленген. Саяси партиялар кандидаттар тізімін 13 шілде күні сағат 18:00-ге дейін ұсына алады.
Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесімен сайланады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жыл болады. Ал Құрылтай төрағасы лауазымына кандидатураны Президент ұсынады.
Бұған дейін Құрылтай сайлауына қатысуға бірқатар партия дайын екенін мәлімдеген еді. Respublica, «Ақ жол», «Ауыл» және Қазақстан Халық партиясы өз кандидаттар тізімін бекітті.
ЖСДП съезі жаңа саяси маусым қарсаңында партиялардың электоралдық белсенділігі артқанын көрсетті. Жаңа Конституциядан кейін қалыптасып жатқан саяси архитектурада партиялар Құрылтайдағы орын үшін бәсекеге түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







