Павлодар облысында Ан-2 ұшағы апатқа ұшырап, бір ұшқыш қаза тапты. Көлік министрлігінің мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 27 мамырда Павлодар облысы Железинка ауылы маңында болған. Апатқа ұшыраған Ан-2 ұшағын «Жеңіл және аса жеңіл авиация эксплуатанттары» заңды тұлғалар бірлестігі пайдаланған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұшақ авиациялық-химиялық жұмыстарды орындап жүрген. Алдын ала дерек бойынша, әуе кемесі электр желілеріне тиіп кеткен болуы мүмкін. Бортта екі экипаж мүшесі болған.
Апат салдарынан бір ұшқыш оқиға орнында қаза тапты. Екінші ұшқышты Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері шығарып алған. Ол есін біледі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1998 жылы туған зардап шеккен азамат Железинка аудандық ауруханасынан Павлодар қалалық №1 ауруханасының политравма бөліміне Санитариялық авиация бортымен жеткізіліп жатыр.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, авиациялық оқиғаны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті тексереді. Министрлік қызметкерлері оқиға орнына жіберілді.
Апаттың нақты себебі тергеу қорытындысынан кейін белгілі болады. Әзірге ресми органдар алдын ала мәлімет ретінде ұшақтың электр желісіне соғылғанын айтып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







