Қазақстанда шетелдік университеттің филиалдарына берілетін мемлекеттік гранттың көлемі ұлттық жоғары оқу орындарымен салыстырғанда бес есе көп.
Президент Тоқаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғалымдармен кездесу кезінде осындай дерек келтіріп, Үкіметке аталған жағдайды қайта қарауды тапсырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президенттің айтуынша, соңғы үш жылда елімізде 33 шетелдік университеттің филиалы ашылған. Олардың ішінде МИФИ, Аризона университеті, Сорбонна, Лотарингия университеті, Кардифф, Де Монтфорт, Пекин университеті мен Лу Бань шеберханалары секілді танымал оқу орындары бар.
Дегенмен…
Филиалдардың ашылуы нақты ғылыми нәтижеге емес, көбінесе ресми есеп үшін ғана жасалып отыр.
«Шетелдік университеттермен ынтымақтастық тек қағаз жүзінде қалмауы тиіс. Елге шын мәнінде пайда әкелмейтін филиалдардың қажеті жоқ. Сандық көрсеткіш емес, елдің ғылыми әлеуетін арттыруға нақты үлес қосуы негізгі өлшем болуы керек», – деп атап өтті Тоқаев.
Қазір шетелдік университеттердің Қазақстандағы филиалдарында оқитын студенттердің басым бөлігі мемлекеттік грант негізінде білім алуда. Алайда Үкіметтің дерегі бойынша, бір студентті шетелдік филиалда оқытуға бөлінетін гранттың құны ұлттық университеттерге бөлінетін гранттан бес есе жоғары.
«Осы жағдайда қандай бәсеке туралы сөз болуы мүмкін? Гранттарды бөлудегі теңсіздік көзге анық көрініп тұр», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Үкіметке аталған мәселені жан-жақты сараптап, мемлекеттік гранттардың құнын қайта қарауды тапсырды. Оның айтуынша, басты мақсат отандық ғылымды дамыту, ұлттық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







