Алматыда Энергетика министрлігі, Мәжіліс депутаттары мен «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының (КПО) қатысуымен отандық өндірушілерді қолдауға арналған дөңгелек үстел өтті. Бұл шара қазақстандық қамту үлесін арттыру және жергілікті кәсіпорындармен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау мақсатында ұйымдастырылған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуде сөз алған мамандардың айтуынша, жергілікті қамтуды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Соның нәтижесінде 2025 жылы КПО компаниясының сатып алуларының 61%-ы (367 млрд теңге) қазақстандық тауарлар мен қызметтерге тиесілі болды. Компания осы уақытқа дейін отандық өндірушілермен 25 млрд теңге көлемінде ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасқан.
«Қазір біз меморандумнан нақты келісімшарттарға өтуіміз қажет. Бұл отандық өндірушілердің дамуына нақты қолдау көрсетеді», – дейді жиынға қатысушылар.
Іс-шара барысында КПО өкілдері отандық кәсіпорындармен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Олар алдағы уақытта тауар өндірушілермен жиі кездесіп, өндіріс орындарына барып, бірлескен жобаларды қолға алмақ.
Дөңгелек үстелдің екінші бөлігінде қатысушылар Алматы қаласы мен Алматы облысындағы бірнеше ірі кәсіпорынды аралады. Мұнда машина жасау, электротехникалық және желдету жабдықтарын өндіруді жергіліктендіру мен оларды КПО жобаларына тарту мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысында тараптар отандық өндірісті одан әрі қолдап, қазақстандық қамту үлесін арттыру бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаласты. Бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатыны және нақты нәтижелерге қол жеткізілетіні айтылды.
Қазақстанда ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қызметі туралы ақпаратқа қолжетімділік кеңейтіледі. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаевтың депутаттық сауалына берген жауабында айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







