Қазақ қоғамындағы тілдік төңкеріс болжанғаннан он жылға ерте басталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Белгілі PR маман Айбар Олжайдың айтуынша, қазақ халқы, соның ішінде жаңа буын жастар орыс тілінен саналы түрде, толықтай бас тартқан.
Сарапшы бұл үрдіс 2035 жылға асықпай келеді деп болжаған екен. Алайда 2000-шы жылдан бері қарай өмірге келген буын осы межені мерзімінен бұрын еңсеріп, 10 жылға ерте орындап отыр.
«Қазіргі қазақ жастарының ой-өрісі мен ұлтжандылығы бұған дейінгі ешбір буынға ұқсамайды. Осы буын ұлтымыздың сана-сезімін 180 градусқа бұрып, сана төңкерісін жасамақ. Менің осы айтқанымды есте сақтап алыңыз, бес жылдан кейін сіз мүлде басқа Қазақстанда өмір сүретін боласыз, бәрі өзгереді», – дейді Олжай.
Ertenmedia-ға пікір білдірген сарапшы қазақ тілінің төрге озғанын әлемжеліге қарап-ақ байқауға болатынын айтады. Оның пікірінше, жастар жиі қолданатын Тредс желісі қазақтілді ортаның жекеменшік платформасына айналған.
«Әзір Тредсте орысша пост жазу, пікір білдіру біртүрлі ерсі көрінеді. Әлемжелінің табиғатымен мүлде үйлеспейді. Осы күнге дейін мемтілді менсінбей, паңданып жүретіндер, кекетіп күлетіндер «Тредстің бойкотына ілігіп қалмайық» деп тізесі дірілдеп жүретін жағдайға жеткен. Еліміздегі түрлі брендтер мен бизнестің өркендеуі тілге деген құрметке байланып тұр», – деп атап өтті маман.
Айбар Олжайдың пікірінше, орыс тілінен бас тарту үрдісі алдағы уақытта қарқын алмаса, бұдан былай бәсеңдемейді. Бұған дейін белгілі журналист Думан Бықай да осыған пікір білдірген еді.
«Тредсте қазақ тілі үшін «күрес» деген ұғым жоқ. Байқағаным, орысша сөйлемегені үшін ақталмайтын буын өсіп келеді. Желінің жаңа буыны үшін қазақ тілі күресетін құндылық емес, күнделікті әдет, қарапайым қалып. Тыныс алу сияқты табиғи нәрсе. Тілдің тағдыры смартфон ұстаған ұрпақтың алақанында тұр», — деген болатын журналист.

