Қазақстан темір жолының қарызы 3 триллионнан асып, жағдай күрделенуде. Бұл туралы Сенат депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов парламенттік тыңдауда айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бүгін Сенатта Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту мәселесі талқыланған жиында депутат ҚТЖ-ның жоғары қарыз жүктемесіне алаңдаушылық білдірді.
– Қазақстан темір жолының қарызы қазіргі таңда 3 триллион теңгеден асып отыр. Бұл мәселе шешілмесе, компанияның болашағына ғана емес, жалпы елдің транзиттік әлеуетіне де елеулі кері әсер етеді, – деді сенатор.
Бұқтұғұтовтың айтуынша, бұған негізгі себеп темір жол тасымалдарының тарифі төмен болуы. Қазақстанда жүк тасымалының шамамен 70 пайызы өзіндік құнынан төмен тарифпен жүзеге асады екен.
– Қазақстан темір жолындағы тариф ЕАЭО мен ТМД елдері ішіндегі ең төменгі деңгейде. Бұл тарифтер тасымалдауға кеткен шығынды ақтамайды. Ал өзге елдерде экспорттық жүк тасымалының бағасы Қазақстаннан 2-4 есе қымбат, – деді ол.
Жиынның соңына қарай жағдайдың тіпті күрделене түскені белгілі болды. Компанияның қарызы 4,7 триллион теңгеге жеткені хабарланды. Барлық қаржы «компанияны дамытуға» алынған.
Қазір үкімет бұл мәселені шешу үшін Қазақстан темір жолын 2026 жылдың соңына дейін IPO-ға шығаруды жоспарлап отыр. IPO компанияның акцияларын алғаш рет қор нарығына шығарып, инвесторларға сату арқылы ақша тарту жолы. Бұл тәсіл компанияның қарызын азайтып, қызметін ашық етуге көмектеседі.
Айта кетсек, 2025 жылы ҚТЖ басшысы Талғат Алдыбергенов компанияның қарызы туралы сұраққа нақты жауап бере алмай, әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Кейін компания берген ресми жауапта сол кездегі қарыз көлемі 3,7 триллион теңге екені көрсетілген.
Осыған дейін депутат Олжас Құспеков премьер Бектеновтің атына сауал жолдап, ҚТЖ-дағы былық-шылықты жіпке тізіп шыққан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







