Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева Қазақстанда TikTok әлеуметтік желісін шектеу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Оның айтуынша, кез келген зиян контент балаларға емес, сыни ойлау қабілеті толық қалыптаспаған ересек адамдарға да кері әсерін тигізуі мүмкін.
«Қолданыстағы құқықтық нормалар аясында әлеуметтік желілерді шектеуге бағытталған бастамаларды қолдаймыз. TikTok-ты шектеу мәселесіне келсек, платформа пайда болған Қытайдың өзінде балаларға арналған шектеулер бар. Онда балалардың TikTok-та өткізетін уақыты тәулігіне 40 минуттан аспайды және контентке қатаң шектеу қойылған. Яғни балалар тек білім беретінғ дамытуға арналған материалдарды ғана көре алады», – деді Жұмаділдаева.
Министрлік өкілінің сөзінше, Қазақстандағы балалар мен ересектер тұтынатын контент бастапқы форматтан мүлде бөлек.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан бүгінгі таңда балалардың әліппесі – әлеуметтік желі, емізігі – TikTok, бесік жыры – Instagram болып кеткенін негізге алып, кәмелетке толмағандарға TikTok-қа кіруге тыйым салуды ұсынған еді.