Премьер-министр Олжас Бектенов 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуін шектеу тетігіне қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Берілген жауапқа сәйкес, үкімет қолданыстағы заңнамаға 16 жасқа дейінгі пайдаланушылардың онлайн-платформаларда тіркелуін реттейтін түзетулер әзірледі. Қазіргі таңда түзетулер депутаттардың қарауында жатыр.
«Заңнамалық түзетулер қабылданғаннан кейін онлайн-платформаларды пайдаланушылардың жасын растаудың арнайы ережелері әзірленеді (жауапты мемлекеттік органдар — Мәдениет және ақпарат министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі). Ережелерді әзірлеу кезінде онлайн-платформалардың қолданыстағы тетіктері, жасанды интеллектіні пайдалана отырып сәйкестендіру технологиялары, қаралатын контент пен пайдаланушының белсенділігі ескеріледі», — делінген Премьер-министр жауабында.
Өтпелі кезең және аккаунттарды тоқтата тұру
Жаңа талаптардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында аталған норманы қолданысқа енгізу үшін өтпелі кезең қарастырылады.
Сондай-ақ 16 жасқа дейінгі пайдаланушылардың онлайн-платформалардағы қолданыстағы аккаунттарының жұмысын уақытша тоқтата тұру мәселесі де талқыланады.
Нормативтік-құқықтық акт Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін онлайн-платформалардың өкілдіктерімен бірлесе қаралатын болады.
Ұсынылған тәсілдер пайдаланушының дербес деректерін таратуға жол бермей, жасын растау қағидатына негізделген. Бұл цифрлық кеңістікте балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов 16 жасқа толмаған балалар үшін әлеуметтік желілерге кіруді шектеу туралы норманың қалай жүзеге асырылуы мүмкін екенін айтып берген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







