Қостанайда ғылым, технология және жасанды интеллект тақырыбын бір арнаға тоғыстырған «QOSTANAI TECH» отбасылық ғылыми-инновациялық фестивалі жалғасып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жылдың ең ірі технологиялық іс-шараларының біріне облыс тұрғындары, еліміздің әр өңірінен келген қонақтар, бизнес өкілдері, ғалымдар, IT мамандар, студенттер мен оқушылар жиналды. Таңертеңнен бастап «Жастар сарайы» мен оған іргелес аумақ цифрлық экономиканың болашағына қызығатын жұрттың ортақ алаңына айналды.
Фестивальдің ашылуына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, технология мен жасанды интеллект қазір өңірдің ғана емес, бүкіл елдің бәсекеге қабілетін айқындайтын негізгі фактордың біріне айналғанын атап өтті.
Оның айтуынша, цифрландыру, роботтандыру және жасанды интеллект өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және қызмет көрсету салаларына кеңінен еніп жатыр. Сондықтан басты міндет – білім экономикасын қалыптастырып, жаңа буын мамандарын даярлау.
Қостанай үшін бұл тақырыптың мәні бөлек. Өңір ауыл шаруашылығы, машина жасау және өнеркәсіп саласында үлкен әлеуетке ие.
Ал мұндай секторлар қазір жаңа технологиясыз алысқа бара алмайды. Дәлме-дәл егіншілік, өндірісті автоматтандыру, электромобиль құрастыру, жасанды интеллект арқылы дерек талдау және роботтандыру өңір экономикасына жаңа қарқын бере алады.
Фестивальдің іскерлік бағдарламасындағы ерекше оқиғалардың бірі 2007 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, оңтүстіккореялық дипломат және ғалым Ра Квон Чунгтың онлайн қатысуы болды.
Ол технологиялық даму тұрақты даму және экологиялық жауапкершілікпен қатар жүруі керек екенін айтты. Оның пікірінше, экономикалық өсім болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік пен қоршаған ортаға қамқорлықсыз толыққанды болмайды.
Мұндай халықаралық деңгейдегі спикердің қатысуы фестивальдің мазмұнын кеңейте түсті. «QOSTANAI TECH» тек жергілікті көрме немесе жастарға арналған ойын-сауық алаңы емес, технология, экология, білім және болашақ мамандықтар туралы кеңірек ой қозғайтын диалог алаңына айналып отыр.
Болашақ бүгін басталды
Қазір фестиваль аясында интерактивті аймақтар, заманауи технологиялар көрмесі, VR және AI алаңдары, робототехника зертханалары, киберспорт аренасы, балалар мен ересектерге арналған ғылыми шоулар жұмыс істеуде. Келушілер жаңа технологияны сырттай бақылап қана қоймай, оны өз қолымен сынап көруге мүмкіндік алды.
Қонақтардың ерекше қызығушылығын виртуалды шындық арқылы ауыл шаруашылығы техникасын басқару, электромобиль құрастыру желілерінің симуляциясы және инженерлік шеберлік сабақтары тудырды.
Мұндай формат балалар мен жастардың ғылымға қызығуын арттырады. Себебі технология кітаптағы күрделі теория ретінде емес, көзбен көріп, қолмен ұстап, тәжірибе арқылы түсінетін нақты әлем ретінде қабылданады.
Фестивальде TED форматындағы баяндамалар да жалғасып жатыр. Қазақстандық және халықаралық сарапшылар жасанды интеллект, цифрлық экономика, инженерия, тұрақты даму, креативті индустрия және болашақ мамандықтар туралы ой бөлісуде.
Мұндай пікір алмасу жастарға кәсіби бағдар беріп қана қоймай, олардың үлкен технологиялық өзгерістерге дайын болуына ықпал етеді.
«QOSTANAI TECH» шарасының отбасылық фестиваль ретінде ұйымдастырылуы да маңызды. Мұнда тек мамандар емес, ата-аналар, балалар, студенттер және қарапайым тұрғындар да технология әлемімен жақынырақ таныса алады.
Ғылым мен инновация көпшілікке түсінікті тілде ұсынылған кезде ғана қоғамда технологиялық мәдениет қалыптасады.
Фестиваль әлі жалғасады. Алда қонақтарды өндірістік экскурсиялар, хакатон финалы және үлкен концерттік бағдарлама күтіп тұр. Қостанайдағы бұл бастама өңірдің технологиялық әлеуетін көрсетіп қана қоймай, жас буынға маңызды ой салады: болашақ мамандығы цифрлық сауатпен, инженерлік ойлаумен және үздіксіз біліммен тығыз байланысты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







