Республика күні қарсаңында Шымкентте ұлттық мерекеге арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік кешке қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қала әкімі жиналған қауымды Республика күнімен құттықтады. Ол кәсіби қызметінде ерекшеленіп, елдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға Президент атынан мемлекеттік наградалар табыстады.
Ғабит Сыздықбеков мерекенің тарихи маңызына тоқталды. 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастырған маңызды кезең болғанын айтты.
Декларация еліміздің Тәуелсіздікке қарай жасаған қадамдарына жол ашты. Биыл Республика күні Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Қала әкімі егемендік пен елдік негіздерін сақтау және нығайту әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Ұлттық мереке қоғамды бірлікке, жауапкершілікке және отаншылдыққа үндейді.
Сондай-ақ елде жаңа Конституция негізінде саяси және қоғамдық жаңару үдерісі жалғасып жатқаны айтылды. Ата Заң мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, әділдік пен заң үстемдігін нығайтуға негіз болды.

Шымкенттің дамуына тұрғындардың қосып отырған үлесі де ерекше аталды. Бүгінде мегаполистің экономикалық әлеуеті артып, жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылып келеді.
Қалада инфрақұрылымды жаңарту, білім, мәдениет және спорт салаларындағы мүмкіндіктерді кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, Шымкенттің одан әрі дамуына ықпал етеді.
Үздік азаматтарға мемлекеттік награда табысталды
Марапаттау рәсімі ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрметтің белгісіне айналды. Түрлі сала өкілдерінің еңбегі мемлекеттік деңгейде бағаланды.
Салтанатты іс-шара «Бүгінгі Қазақстан» атты музыкалық-театрландырылған қойылыммен жалғасты. Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен қорытындыланып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







