Шымкентте 24–25 қазанда Республика күніне арналған мерекелік және мәдени іс-шаралар өтеді. Тұрғындар мен қала қонақтарына концерт, театр қойылымы, цирк бағдарламасы, футбол және стендап ұсынылады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
24 қазан күні сағат 11:00-де Қазыбек би көшесі, 34 мекенжайындағы қуыршақ театрында «Самый большой друг» қойылымы көрсетіледі. Билет бағасы 700 теңгеден басталады.
Осы театрда сағат 12:00-де балаларға арналған «Қанатты барыс» спектаклі сахналанады. Сағат 16:00-де Шымкент циркінде акробатика, әуе гимнастикасы мен клоунада қамтылған «Цирк жұлдыздары» бағдарламасы басталады.
Футбол жанкүйерлері сағат 17:00-де Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтетін «Ордабасы» – «Жеңіс» кездесуін тамашалай алады. Матчқа кіру билет арқылы жүзеге асырылады.
Сағат 19:00-де қалалық орыс драма театры Антон Чеховтің «Ваня ағай» пьесасын ұсынады. Билет құны 3 мың теңгеден басталады.
Осы уақытта Сайрам көшесі, 1/1 мекенжайында «Камер-юнкер Пушкинді құтқару» спектаклі өтеді. Қойылымға 16 жастан асқан көрермен кіре алады.
«Астана» алаңындағы мерекелік концерт те сағат 19:00-де басталады. Сахнаға Маржан Арапбаева, Әділет Жауғашар, Қайрат Түнтеков, Сырым Исабаев, Заттыбек Көпбосынұлы және Еркеш Хасен шығады.
Сағат 20:00-де Jaman Bar алаңында Темірлан Жалдыбаевтың жеке стендап-концерті өтеді. Іс-шараға 18 жастан асқан көрермендер қатысады.
Республика күні сағат 11:00-де орыс драма театрында «Гонза және сиқырлы алмалар» ертегісі көрсетіледі. Сағат 12:00-де Шымкент циркі «Цирк жұлдыздары» бағдарламасын қайталайды.
Кешкі сағат 19:00-де орыс драма театры Лопе де Веганың «Тапқыр ғашық» комедиясын сахналайды. Билет бағасы 3 мың теңгеден басталады.
Осы уақытта «Астана» алаңында мерекелік гала-концерт басталады. Жұбаныш Жексенұлы, Jazz Dauren, Нұржан Керменбаев, Дастан Оразбеков, Мәдина Сәдуақасова және «Жошы» этноансамблі өнер көрсетеді.
Екі күндік мәдени бағдарламаның қорытындысында Шымкент аспанында мерекелік отшашу атылады. Тұрғындарға іс-шара өтетін орындар мен уақытты алдын ала ескеріп, демалысын жоспарлау ұсынылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







