Қазақстанда соңғы жылдары үш университеттің лицензиясы қайтарылды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкіметтегі брифингте айтты. Журналистер министрден елдегі жоғары білім сапасы қалай бағаланатынын және соңғы жылдары сапасыз оқытуға байланысты қанша жоғары оқу орны лицензиясынан айырылғанын сұраған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары үш университеттің лицензиясы қайтарылған. Қазір тағы бірнеше оқу орны бойынша жұмыс жүріп жатыр. Оның ішінде екі университетке қатысты тексеру және рәсімдік шаралар қаралып жатқанын жеткізді.
Алайда Саясат Нұрбек нақты қай жоғары оқу орындары туралы сөз болып отырғанын атаған жоқ. Министр мұндай ақпаратты түпкілікті шешім шықпай тұрып жариялау жүздеген мың студенттің жағдайына әсер етуі мүмкін екенін айтты.
– Нақты университетті атау керек десеңіздер, мұнда өте жауапты болуымыз қажет. Себебі қазір сол оқу орындарында жүздеген мың студент білім алып жатыр. Егер мен түпкілікті шешім қабылданбай тұрып, рәсімдік мәселелерді жариялай бастасам, бұл студенттерге әсер етуі мүмкін, – деді министр.
Саясат Нұрбек барлық ақпарат шешім қабылданғаннан кейін жарияланатынын атап өтті.
Бұған дейін министр блогерлерге арналған «университет» туралы да пікір білдірген еді. Ол бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім беру үшін министрліктің бейінді комитетінен лицензия және тиісті аккредитация қажет екенін айтқан.
Министрдің сөзінше, аталған «университетке» министрлік лицензия бермеген.
Жоғары білім саласындағы мұндай бақылау оқу сапасын көтеру және дипломның құнын сақтау үшін маңызды.
Университет тек атаумен ғана емес, нақты академиялық база, білікті оқытушы, зерттеу әлеуеті және заңды лицензия арқылы жұмыс істеуі керек. Студент үшін басты мәселе – диплом алғаннан кейін оның еңбек нарығында шынайы бағалануы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






