Париж Олимпиадасы аяқталғаннан кейін де оның төңірегінде түрлі дау тоқтамады. Соның бірі — дін тақырыбы. Нұрлан имам есімімен танымал Нұрлан Байжігітұлы Елдос Сметовке, спорт пен дін тақырыбына қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Оның сөзінше, сақал мен балақ тақырыбынан алыстай алмай жүруіміз — ұят тірлік.
«Сақал қойды ма, сақал қоймады ма, Олимпиаданың шыңын бағындырып келген жоқ па?! Қазақтың туын көтеріп, Әнұранды биік дәрежеде шырқатты. Бүкіл қазақтың рухын оятып берген бір Елдостың қуанышында оның сақалын талдайтын дәрежеге жеттік пе?! Біз бір-бірімізді қолдауымыз керек, ол өзінің жеке өмірі.
…Салафилік, уахабилықты сақалға байлаған қателік болды. Қазір салафи ағымын ұстанатындар сақалдарын алып тастады. Бірақ ішкі дүниесі өзгерген жоқ. Біз баяғы сақал мен дамбалдың төңірегінде таласып жүрміз. Ұят емес пе?! Сақал мен балақтан әлі шыға алмай жүрміз», — деді Нұрлан имам.
Еске салайық, бұған дейін журналист Ербол Жанатұлы спортшыларды діннің пиарынан қорғау керек деп үн қатты.
«Мемлекеттің, салық төлеушілердің қаржысымен бала кезден бапталып, биікке жеткен спортшы — халық өкілі, халық перзенті. Ондай дайын «өнімді» Бекболат, Мұхаметжандар өз «дінінің» пиарына пайдаланып жатқанына мән бермейміз», — деді ол.