Президент Тоқаевтың бір палаталы парламент құру туралы ұсынысы түрлі пікір туғызып жатыр деп жазады Ertenmedia.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев бүгінгі ұсыныс биліктің алдағы транзит кезеңіне дайындық амалы болуы мүмкін деп топшылайды.
Айтуынша Қазақстан секілді унитарлы мемлекет үшін қос палаталы парламент ережеден гөрі, ерекшелік. 90-жылдардың басында экс-президент Назарбаев пен Жоғарғы Кеңес арасындағы тартыстан кейін 1995 жылғы Конституция бойынша екі палаталы парламент пайда болды.
Сол кездегі Сенат биліктің «сақтандыру клапаны» рөлін атқарған еді.
«Тоқаевтың қазіргі ұсынысы парламенттік жүйені демократияландыруды көздемейді. Керісінше, жаңа билік транзитіне дайындық секілді. Себебі бір палаталы парламенттің спикері автоматты түрде президенттен кейінгі басты фигураның біріне айналады. Яғни, елде экс-президенттер үміт артатын тағы бір маңызды лауазым пайда болмақ», – дейді саясаттанушы.
Сәтпаевтың пікірінше егер қазіргі жүйе сақталып, сайлау туралы заң мен партиялық алаң либералды бағытта реформаланбаса, бір палаталы парламент те президент әкімшілігіне тәуелді орган болып қала береді.
Өйткені билік сайлауды тек пропорционалды жүйемен, яғни партиялық тізім бойынша өткізу арқылы парламентті бақылауда ұстағысы келеді.
«Мен бұған қарсымын. Себебі пропорционалды жүйемен сайланатын парламенттің халық алдында легитимділігі төмен болады. Парламентке өткен партиялардың беделі де төмендейді. Оның үстіне, сайлаушы бүкіл партияға тұтас дауыс береді, жеке кандидатқа дауыс бере алмайды. Бұл жағдай депутаттардың халықтың көңіл-күйінен гөрі, партия басшылығының қас-қабағына көбірек қарауына алып келеді», – дейді сарапшы.
Сәтпаев Қаңтар оқиғасының басты себептерінің бірі де осында деп есептейді. Қоғамдағы наразы көңіл-күйдің легитимді саяси арналар арқылы сыртқа шықпауы әлеуметтік жарылысқа әкелген.
«Халық өз өңірінен, нақты бір округтен шыққан тәуелсіз кандидаттарға дауыс бергісі келеді. Ал қазіргі партиялық тізім жүйесі бұған мүмкіндік бермейді. Елдегі зомби-партиялар да бұл мәселені шеше алмайды. Демек, пропорционалды жүйеге толық көшу саяси тығырыққа апарар жол», – дейді саясаттанушы.
Өз кезегінде сарапшы Қазыбек Бейсебаев бұл идеяның жақсы жақтарымен қатар, ескеретін маңызды тұстары бар екенін айтады.
«Қазақстан Сенатына әр өңір мен республикалық маңызы бар қалалардан екі депутаттан сайланады. Олар мәслихат депутаттарының дауысымен сайланып келді. Сонымен қатар, он сенаторды президент тағайындайды, оның бесеуі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен бекітіледі. Демек, Сенат осы арқылы өңірлер мен этникалық топтардың заң шығарушы билікте өкілдік етуін қамтамасыз етеді», – дейді Бейсебаев.
Сарапшының пікірінше, Мәжіліс депутаттары негізінен саяси партиялардың мүддесін білдіреді, ал Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын еді. Сенат жойылатын болса, өңірлік өкілдіктің қызметін Мәжіліс өз мойнына алуы тиіс. Алайда осы өзгеріс сайлаушылар үшін қиындық туғызуы мүмкін.
«Депутатты таңдаған кезде сайлаушы үшін не маңыздырақ болады: кандидаттың саяси ұстанымы ма, әлде өңірлік мүдде ме? Бұрын өңірлер өз мүддесін Сенат арқылы қорғап келген, енді бұл міндетті Мәжіліске артпақшы. Сонда жылдар бойы қалыптасқан, тиімді жұмыс істеп тұрған жүйені бұзудың қажеті қанша?» – дейді сарапшы.
Бейсебаев Сенатты ел дамуын тежейтін орган деп қарастырмайды. Сенат заңдарды бекітетін қорытынды инстанция қызметін атқарады.
Оның үстіне, жақында БАҚ-та жаңа Конституция жобасының жеке бастама ретінде ұсынылғаны туралы ақпарат тараған еді. Сол жобада да Сенатты таратып, Мәжілістің өкілеттігін кеңейту қарастырылған. Осы тұрғыдан алғанда, бұл жоба мен президенттің ұсынысы арасында белгілі бір сабақтастық байқалады.
Сенатты тарату мәселесі Конституцияға өзгеріс енгізуді қажет етеді, ал мұны тек референдум арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Сонымен бірге сайлау заңнамасына да өзгерістер енгізу керек.
«Бірақ тек сайлау заңын өзгерту жеткіліксіз. Партиялар туралы заңға да түзетулер енгізіліп, партияларды тіркеу рәсімі жеңілдеуі тиіс. Сонда ғана жаңа тұлғалар мен жаңа саяси күштер билікке келе алады. Онсыз саяси реформа туралы айтудың өзі артық», – деп түйіндеді сарапшы.