Депутат Шаталовтың аңдамай сөйлеген сөзі Қазақстанға қалай соқтығарын білмей отырған Кремльге азық болды, — деп жазады Ertenmedia.kz.
Журналист Жания Ұранқаеваның пікірінше депутаттың Украина мен Мәскеуге қатысты даулы мәлімдемесі міне, бірнеше күн болды Ресей медиасының күн тәртібінен түспей тұр…
«Орыстың пропаганда құралдары «Шаталов қазақтардан қысым көруде», «Қазақ қоғамы қысымға алған депутаттың мұң-зары…» деген мағынадағы контентті тоқтаусыз таратып жатыр. Бұлардың бәрі емін-еркін шекара асып, Қазақстандағы орыстілді аудиторияға әсер етуде.
Украина мен Ресей арасындағы қантөгістің түп-төркіні де осы ақпараттық соғыстан басталған еді. Ресей телеарналары ондаған жыл бойы Киевті дұшпан қылып көрсетіп, жеккөрушілік сезімін үздіксіз қоздатып келді.
Украина өз кезегінде мұны «мағынасыз шоу» деп санап, көп жағдайда үнсіз қалатын. Соның нәтижесін бүгін бүкіл әлем көріп отыр. Мұндайда үнсіз қалу, үйден бәледен құтылуды білдірмейді.
Шаталовтың «орыс болғаным үшін қысым көрдім» деген сөзі де дәл сол сүрлеумен жайылып барады. РБК, Риа, Лента басылымдары бұл тақырыпты қаузаудан шаршар емес. Олар Шаталовты қуғын-сүргін құрбаны ретінде көрсетуде.
Ресей оқырманының санасында «қазақтан қысым көрген орыс депутатының» образы қалыптасып жатыр.
Ал біздің Министрліктің ақпараттық саясатқа жауапты органдары болса, дәл осы сәтте бұғып, ішкі тірлікпен ғана айналысып, қажетсіз ережелер мен шектеулерді ойлап табумен әуре.
Шындығында, дәл қазір Ақпармин дәл осы мәселеге араласуы тиіс.
Мемлекеттік арналар мен сайттар алаңын ашып, депутат Шаталовпен ашық диалогқа шығып, Смирнова сынды тұлғаларды тартып, ашық алаң ұйымдастырғаны жөн.
Олар өз кезегінде қазақтан ешбір қысым көрмегенін, осы елде көйлегі көк, көңілі тоқ, шалқып басып өмір сүретінін жасырмай айтуы керек. Ақиқаты да осы ғой.
Ақпарат – қауіпті құрал. Оны бақылаусыз қалдыру мемлекеттің тұтастығына салынатын ауыр зардаптың басы болуы мүмкін.
Кішкентай бір ұшқынның өзі үлкен өртке ұласуы мүмкін екенін дәлелдеп тұрған Украина мысалы көз алдымызда. Мемлекеттің медиасаясаты – бұл ұлттық қауіпсіздіктің маңызды элементі. Оған салғырт қарауға болмайды.
Біз ұлт ретінде сөздің құдіретін, маңызын ежелден-ақ терең түсінгенбіз. Сондықтан, мемлекет деңгейінде Ресейлік медианың арандатуына салғырт қарамай, абайлап, ақылмен, сауатты жауап қататын уақыт келді. Шаталов оқиғасы – ескерту. Осыны ұмытпайық».