Павлодар өңірінде жастардың Ресейге қарай үдере көшуі жергілікті биліктің бас ауруына айналыпты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Аймақ әкімі Асайын Байханов осы мәселенің күрделеніп кеткенін ашық мойындап отыр. Айтуынша, биыл облысқа 24,5 мың адам көшіп келгенімен, сыртқа кеткендердің саны 32 мыңға жеткен.
Нәтижесінде 8 мыңға жуық тұрғынның жетіспеушілігі туындап, демографиялық ахуал дабыл қағар деңгейге жеткен.
«Басты себеп жастардың Ресейге жаппай кетуі. Көбі көрші елдің Омбы, Томскі, Жаңасібір, Кемерово секілді қаласына білім алуға аттанады. Соның шамамен жартысынан астамы сонда тұрақтап, жұмысқа орналасып, отбасын құрып кетеді», – дейді Байханов.
Аймақ басшысы үрдіске этностық құрамның да әсері бар деп есептейді. Қазір өңірдегі қазақтардың үлесі 57 пайызға жеткен. Өзге этнос өкілдерінің арасында тарихи отанына қайта көшіп жатқандар аз емес.
«Оған қоса, аймақта бала туу көрсеткішінің төмендігі тағы бір мәселе. Бұл тек Павлодар облысының емес, тұтас солтүстік өңірлердің ортақ қиыншылығына айналып отыр», – дейді әкім.
Облыс билігі жағдайды түзету үшін халық саны көп аймақтардан тұрғын тарту жұмыстарын қолға алған. Қазіргі уақытта өңірде 4,5 мың жұмыс орны бос тұр. Аудан әкімдіктерінен арнайы топтар құрылып, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облысын аралап, тұрғындарды Павлодарға шақырып жүр. Көшіп келгендерге бастапқыда баспана ұсынылып, әлеуметтік мәселелері шешіледі.
«Қазірге дейін осы бағдарлама аясында Павлодар облысына 5,5 мың азамат қоныс аударды. Бұдан бөлек, 1,5 мыңдай қандасымызды қабылдадық», – дейді Байханов.
Бұған дейін Павлодардағы дәрігерлер президент Тоқаевтан араша сұраған еді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

