Талғардағы оқиғадан кейін Алматы облысының прокуратурасы үндеу жариялады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ведомство бейбіт жиналыстарды, митингтерді және пикеттерді ұйымдастыру мен өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңымен қатаң реттелетінін еске салды.
«Тұрғындарды жауапкершілік танытып, заңсыз митингтерге қатысуға шақырған үндеулерге ермеуге шақырамыз. Мұндай іс-шараларды ұйымдастыру және оларға қатысу — заңды өрескел бұзу және бұл ауыр зардаптарға әкеледі. Бұл әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы) және қылмыстық жауапкершілік (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 400-бабы) қарастырылған. Заңсыз акцияларға қатысу әкімшілік қамауға алу, ірі айыппұл салу және қылмыстық қудалауға әкелуі мүмкін екенін еске саламыз», — делінген Алматы облысы прокуратурасының үндеуінде.
Еске салайық, 9 желтоқсанда Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша, ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал кеше жерлеу рәсімінен соң Шерзаттың әкесі ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Бүгін сот шешімі шығып, ол 15 тәулікке қамалды.